Ірі жүк кемесі Суэц каналын бөгеп тастады
Сейсенбі күні су сыйымдылығы 200 мың тоннаны құрайтын Ever Green атауы бар аса үлкен контейнер тасымалдаушы Суэц каналының таяз аумағында тұрып қалып, фарватерді түгел бөгеп тастады. Канал бойынша қозғалыс бұғатталды. Кеме Қытайдан Нидерландыдағы Роттердам портына бет алған.
«Каналдың оңтүстік шекарасынан шамамен алты теңіз миля қашықтықта кеме кенеттен соққан желдің екпініне тап болған. Осыдан кеме алған бетінен ауытқып, абайсызда таязды жерге тұрып қалған», - деп мәлім етті Ever Green компаниясынан.
Салдарынан Суэц каналы аумағындағы Қызыл және Жерорта теңізінде 100-ден көп түрлі кеменің кептелісі туындады.
РБК-ның хабарлауынша, кептелісте 10 млн баррельден астам мұнайы бар танкерлер тұр.
Ал Bloomberg-тің жазуынша, Ever Green кемесін орнына жылжыту үшін екі тәулікке жуық уақыт кетеді. Алайда, осы мерзімнің өзі энерготасымалдауыштарды жеткізуде әлемдік ауқымда іркіліс тудыру үшін жеткілікті болып отыр.
Ұзындығы 193 шақырымды (120 миль) құрайтын Суэц каналы әлемдегі жүктемесі ең көп су жолдарының бірі. Ол арқылы мұнай танкерлері Таяу Шығыстан Еуропаға және Солтүстік Америкаға мұнай жеткізеді. Каналға әлемдік сауданың 12% жуығы және сұйытылған табиғи газдың 8% тиесілі. Сондай-ақ күн сайын мұнда миллион баррельге жуық мұнай тасымалданады.