«Елімізбен шекаралас Ресей Федерациясы 5 облысының Төтенше жағдайлар ведомствосымен өзара іс-қимыл аясында трансшекаралық өзендердің жағдайы бойынша жедел ақпарат алмасып отырмыз. Ресей тарапының ақпараты бойынша (8 сәуір) Ирикла су қоймасында ағын сейілді, яғни секундына 1670 текше метрден, 140 текше метрге азайды. Сонымен қатар, Елек және Жайық өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Успеновка, Қарашығанақ, Димитрово, Жаңаталап, Жарсуат елді мекендерін су басу қаупі сақталуда. Димитрово және Қарашығанақ елді мекендерінен 25 адам (1 бала) алдын ала эвакуацияланды, қалған тұрғындар өз бетінше туыстарына орналасты», - деді Қанат Қарабалаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ТЖД өкілі бүгінгі ауа райымен таныстырды.
«8 сәуірге арналған ауа райы болжамы бойынша, түнде облыстың шығысында аздап жаңбыр жауады. Түнде және таңертең облыстың батысында, оңтүстігінде тұман күтіледі. Жел солтүстік-батыс, батыс 9-14 м/с. ауа температурасы түнде 3-8, күндіз 13-18 градусқа жылиды», - дейді спикер.
Айта кетсек, 4 сәуірде Орынбордағы Ирикла су қоймасынан секундына 1600 текше метр су жіберіліп жатырғаны туралы хабарлаған едік.
Бұған дейін БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жайық және Шаған өзені суының көтерілеуіне байланысты Орал қаласында бақылаудың күшейтілгенін айтты.
Еске сала кетсек, 4 сәуірде Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездескен еді.
6 сәуірде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңір тұрғындарына су тасқынына қатысты қалыптасқан жағдай бойынша үндеу жолдады.