«Ирина Қайратовнаның» қайтыс болған мобилографының алдын ала диагнозы айтылды

Фото: Фото: Instagram/irinakairatovna

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Ирина Қайратовна» тобының мобилографы Жылқайдар Шахназдың өліміне себеп болған алдын ала диагнозды жариялады, деп хабарлайды Кazinform.

«14 қазанда Жылқайдар Шахназдың денесі сот-медициналық сараптама жұмыстарын жүргізу үшін Сот сараптама институтына жеткізілді. Өлімнің алдын ала себебі — жедел геморрагиялық панкреонекроз.

Өлімнің нақты себебі токсикологиялық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін белгілі болады. Зерттеу жұмыстары екі аптаға дейін жүргізіледі», - делінген әкімдік мәліметінде.

Ж.Шахназ 21 жаста болған. 

Еске салайық, «Ирина Қайратовна» тобы 14 қазан күні Астанада концерт берді. Оның барысында мобилограф Жылқайдар Шахназ ес-түссіз құлап қалды. Медицина мамандары оның қайтыс болғанын мәлімдегеннен кейін концерт тоқтатылды.

Белгілі топ елордада 15 қазанда өтуі тиіс болған концерттің де өтпейтінін жариялады.