Иркутскіде оба қаупі расталды ма: Ресей билігі мен ДДҰ не дейді

МӘСКЕУ.KAZINFORM — Иркутск облысында обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері қайтыс болғаннан кейін эпидемиологиялық тексеру басталды. Оқиға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі еуропалық орталық (ECDC) және бірқатар елдердің санитариялық органдарының назарын аударды. Бұған марқұмның өкпе обасынан қайтыс болуы мүмкін деген ақпараттың таралуы себеп болды. Алайда Ресей билігі бұл диагнозды әзірге растаған жоқ. Иркутскідегі жағдайға қатысты қазіргі таңда не белгілі?

Фото: NEWS.ru

Иркутск облысында не болды?

2 қазанда Иркутск обаға қарсы институтының қызметкері Шелехов аудандық ауруханасында қайтыс болғаны белгілі болды. БАҚ-та оның өкпе обасынан қайтыс болуы мүмкін деген расталмаған ақпарат тарағаннан кейін бұл жағдай алаңдаушылық туғызды. Кеңейтілген зертханалық зерттеулердің нәтижесінде қайтыс болған адамның материалдарынан оның кәсіби қызметіне байланысты микроорганизмдер анықталған жоқ. Обаға қарсы институт қызметкеріне этиологиясы анықталмаған пневмония диагнозы қойылған.

Жағдайға деген жоғары назар Telegram-арналарда обаға қарсы институт қызметкерінің өліміне өкпе обасы себеп болуы мүмкін деген расталмаған ақпараттың таралуынан кейін күшейді. Кейін Ресейдің санитариялық органдары бұл ақпаратты растаған жоқ.
3 қазанда ДДҰ Халықаралық медициналық-санитариялық ережелерге сәйкес Ресей тарапынан қосымша ақпарат сұрады.

Фото: NEWS.ru

4 қазанда Роспотребнадзор Иркутск облысы, Иркутск қаласы және Шелеховтағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады. Сонымен қатар биологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау жөніндегі комиссия Иркутск обаға қарсы институтын тексерді. Патогенді микроорганизмдермен жұмыс істеу кезінде қандай да бір апатты жағдай анықталған жоқ. Комиссия қорытындыларын Роспотребнадзор басшысы Анна Попованың тапсырмасымен институтқа жіберілген сарапшылар да растады.

ДДҰ жағдай туралы

ДДҰ осы жағдайға қатысты өз ұстанымын жариялап, «санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы қауіптердің жоқтығын» мәлімдеді.

ДДҰ сондай-ақ Ресей билігінің мәліметінше, байланыста болған адамдардың арасынан жоғары қауіп төндіретін инфекциялардың қоздырғыштары анықталмағанын атап өтті. Анықталған барлық байланыста болған адамдарды медициналық бақылау аяқталды.

— ДДҰ Ресейдің денсаулық сақтау органдарымен байланысын жалғастырып, техникалық көмек көрсетуді ұсынды. Ұйым ауыр пневмонияның себебін, қоғамдық денсаулық сақтау шаралары қабылдануына себеп болған қоздырғышты, сондай-ақ этиологиясы анықталмаған пневмониямен ауырған екінші қызметкер туралы БАҚ хабарламаларын нақтылау үшін қосымша ақпарат сұрады, — деп қосты Тедрос Адханом Гебрейесус.

Өңірде қандай шаралар қабылданды? 

Иркутск облысында эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылып, науқаспен байланыста болған адамдар анықталды.
Марқұм емделген Шелехов аудандық ауруханасында санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Стационарда пациенттерді қабылдау мен ауруханадан шығаруға уақытша шектеулер енгізілді, ал емхана жұмысын жалғастырды.

Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев байланыста болған адамдардың медициналық бақылауда болғанын хабарлады. Роспотребнадзор басшысы Анна Попова өңірге жеке өзі келіп, қажетті шараларды ұйымдастыру жұмыстарына қатысты.
Анықталған барлық байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды.

Байланыста болған адамдардың бір бөлігінен басқа респираторлық инфекциялар анықталды — COVID-19-дың екі жағдайы және риновирустық инфекцияның екі жағдайы. Аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштары анықталған жоқ.

Халықаралық реакция

6 қазанда Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі еуропалық орталық (ECDC) зертхана қызметкерінің шығу тегі анықталмаған пневмониядан қайтыс болуынан кейінгі жағдайды мұқият бақылап отырғанын хабарлады. Қазіргі уақытта аурудың екінші жағдайы тіркелмеген және инфекцияның адамнан адамға тұрақты берілуі арқылы одан әрі таралуына әкелуі мүмкін екеніне ешқандай дәлел жоқ.
Иркутск облысындағы жағдай АҚШ билігінің де назарын аударды.

6 қазанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресей тарапын халықаралық қауымдастыққа ауру туралы қосымша ақпарат беруге шақырды. Ол Вашингтон жағдайдың дамуын бақылап отырғанын және тергеу нәтижелеріне қатысты Мәскеуден барынша ашықтық күтетінін атап өтті. Сол күні АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Оның барысында Ресейдегі өкпе обасының ықтимал жағдайын талқыламақ болған.

Өз кезегінде Кремль Дональд Трамптың Иркутск облысында этиологиясы анықталмаған пневмония анықталуына байланысты Ресейге көмек көрсету туралы ұсынысын оң бағалады.

— Өзара көмек ұсынылған кезде бұл қашан да жағымды, — деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ол сондай-ақ Роспотребнадзордың ресми ақпаратына сүйенуге шақырды.

— Бұл саладағы құзыретті негізгі ведомство — Роспотребнадзор. Сондықтан түрлі қауесеттер мен әртүрлі пікірлерге құлақ аспай, дәл Роспотребнадзордың ресми мәлімдемелеріне сүйену керек. Роспотребнадзорда осы салада жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, олардың ресми мәлімдемелеріне құлақ асайық, — деді Песков.

Қытай да санитариялық-эпидемиологиялық ынтымақтастық аясында жағдайды бақылап отырғанын хабарлады. Бұған дейін Бейжің Ресей тарапымен инфекциялық аурулардың, оның ішінде аса қауіпті инфекциялардың алдын алу және бақылау саласында ынтымақтастық орнатқанын мәлімдеген.

Қырғызстанда мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде профилактикалық шаралар мен санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі де Ресейдің Иркутск облысындағы жағдайды бақылап отыр.