Ирландияда пайдаланушы туралы деректерді бөліскені үшін TikTok-қа айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Ирландияда Деректерді қорғау жөніндегі комиссия (DPC) TikTok әлеуметтік желісіне тиесілі қытайлық ByteDance компаниясына еуропалық пайдаланушылар туралы деректерді Қытайға заңсыз тасымалдағаны үшін 530 млн еуро айыппұл салды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ирландияның Деректерді қорғау жөніндегі комиссиясының (DPC) мәлімдеуінше https://www.politico.eu/article/tiktok-hit-with-e530m-privacy-fine-ireland-china-data/ , TikTok деректердің Қытайдың қадағалау туралы заңдарымен қорғалғанын қамтамасыз ете алмағанына кепілдік бере алмауы себебімен еуропалық пайдаланушылардың деректерін Қытайға жіберу арқылы ЕО-ның деректерді қорғау бойынша негізгі ережелерін бұзды.
Реттеуші TikTok Қытайдың бақылау туралы заңдарының еуропалықтардың деректеріне әсерін дұрыс бағалай алмағанын мәлімдеді. Комиссия сонымен қатар ByteDance компаниясына бұзушылықтарды түзетуге алты ай уақыт берді.
Ирландия ведомствосының мәліметінше, әлеуметтік желі еуропалық TikTok пайдаланушылары туралы деректерді ҚХР билігі оған қол жеткізе алатын Қытайдағы серверлерде сақтаған. Бұл – Еуропалық Одақтың еуропалықтар туралы ақпаратты басқа елдердің билігіне беруге тыйым салатын қолданыстағы ережелерін бұзу.
TikTok өкілдері реттеушінің шешіміне шағымданатынын мәлімдеп, Қытай билігінен еуропалық азаматтар туралы деректерге ешқашан сұраныс алмағанын және олармен мұндай деректерді ешқашан бөліспегенін атап өтті.
Бұған дейін TikTok бүкіл әлем бойынша қызметкерлерін жаппай жұмыстан шығаратыны туралы жазған болатынбыз.