Ирригация желілеріндегі су шығыны жылына 193 млн текше метрге дейін азайған
АСТАНА. KAZINFORM — Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңі 74,5 мың гектар жерді сумен қамту сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Ирригация желілеріндегі су шығыны жылына 193 млн текше метрге дейін азайды. Жоба Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы 11 нысанды қамтиды.
Министрліктің дерегінше, қазіргі уақытта Жамбыл облысында 10 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз ететін екі нысан пайдалануға берілді. Қызылорда облысында 15,1 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ететін нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Қазір оны пайдалануға беру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
— 2025 жылдың маусым айының басына қарай жоба аясында 3064,88 шақырым канал (88,3%), 1280,87 шақырым коллектор (80,4%), 26 593 гидротехникалық құрылым (81,6%), 426 бақылау ұңғымасы (92,4%), 222 тік дренаж ұңғымасы (100%) реконструкцияланды, — деп жазды ведомстводан.
Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 8 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр.
— Жобаны толық іске асыру нәтижесінде суармалы су шығынын жылына 360 млн текше метрге дейін қысқартуға, трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті азайтуға және каналдардың тиімділігін 40–70%-ға дейін арттыруға гидромелиоративтік жағдай жасалады. 105 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі мен жағдайы жақсарады, сондай-ақ жергілікті тұрғындар үшін 20 мыңға дейін тұрақты жұмыс орны ашылады,— деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков.
Айта кетейік, су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін өседі.