Исатай Елеусінов 17 жыл бойы есту қабілеті нашар қыздарды өнерге баулып жүр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Әуенді естімесе де, сахнада мың бұрала билейтін Қаракөз Мұрат халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Ол сияқты есту қабілеті нашар қыздарды өнерге баулып жүрген хореограф Исатай Елеусіновтің шәкірттері 17 жыл ішінде талай сахнаға шықты. Алайда олардың жетістігімен қатар, кәсіби байқауларға қатысуға, өнерін дамытуға және өз мамандығымен жұмыс істеуге қатысты шешімін күткен мәселелері де бар. Кейіпкердің айтуынша, қыздарға қаржылай көмектен бөлек, үлкен сахнаға жол ашып, еңбегін бағалау да маңызды.

Фото Исатай Елеусіновтің жеке архивінен

Өнермен біте қайнасқан өмір

Исатай Елеусінов 1991 жылы Атырауда дүниеге келген. Сол жылы Исатай Тайманұлының 200 жылдығына арналған іс-шаралар өтіп, ұйымдастырушылар Исатай есімді сәбиді іздеген екен. Бүгінде өнерді өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған хореограф бұл оқиғаны ерекше ықыласпен еске алады.

Фото Исатай Елеусіновтің жеке архивінен

— Исатай Тайманұлының 200 жылдығын тойлап жатқанда театр алдына қызыл кілем төсеп, мені нәресте кезімде көпшілік алдына алып шыққан. Өмірімнің өнермен біте қайнасуы сол кезден басталған сияқты, — деді ол.

Исатайдың өнерге жақын болып өсуіне отбасындағы орта да әсер еткен. Атасы темірден түйін түйген шебер болса, әжесі тігін тігіп, тоқыма тоқумен айналысқан. Бұл өнердің бірнеше түрін меңгерген кейіпкердің кейін шәкірттеріне сахналық киім тігуді де үйретуіне негіз болған.

Исатай Елеусіновтың негізі мамандығы — автомеханик. Ым-ишара тілін меңгеруіне ерікті болып еңбек етуі себеп болған. Жоғары оқу орнында екінші курста оқып жүргенде анасы жұмыс істейтін ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп-интернатындағы оқушыларға би үйретуге шақырады. Алғашында есту қабілеті нашар балалармен жұмыс істеу тәжірибесі болмағандықтан, олармен қалай тіл табысарын білмеген.

Сол кезде жанында болған сурдоаудармашыдан ым-ишарат тілін үйрене бастаған. Кейін балалардың өздерімен күнделікті қарым-қатынас жасау арқылы білімін жетілдірген.

— Алғашында есту қабілеті нашар адамдар туралы түсінігім болған жоқ. Қасымдағы сурдоаудармашыдан үйреніп жүрдім, кейін балалардың өзінен үйрендім. Қолымдағы затты көрсетемін, балалар оны ым-ишаратпен жеткізеді. Содан кейін заттың атауын жазып, түсіндіремін. Осылайша біртіндеп меңгердім, — дейді Исатай Елеусінов.

Кейін ол сурдоаударма бойынша арнайы білім алып, кәсіби біліктілігін растайтын куәлік иеленген. Бүгінде түрлі іс-шарада, қажет болған жағдайда сот отырыстарында да сурдоаудармашы ретінде қызмет көрсете алады.

Дегенмен кейіпкер үшін ым-ишарат тілі тек кәсіби дағды емес. Бұл — шәкірттерінің ойын түсінуге, олардың мінезін тануға және күнделікті өмірде кездесетін мәселелерін бірге шешуге мүмкіндік беретін құрал.

Он жеті жылдық еңбектің нәтижесі

Исатай Елеусінов 2009 жылдан бері есту қабілеті нашар балаларды би өнеріне баулып келеді. Осы уақыт ішінде оның тәлімін алған балалардың саны 100-ге жуықтаған. Қазір «Шаттық» және «Балдәурен» би топтарында қыздар өнер көрсетеді.

Фото Истай Елеусіновтің жеке архивінен

Хореографтың айтуынша, алғашқы шәкірттерімен жұмыс бастаған кезде инклюзивті білім беру мен ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық дамуына арналған мүмкіндіктер қазіргідей қалыптаспаған еді.

Ол кезде балалар мектеп бітіргеннен кейін әрі қарай білім алып, кәсіби тұрғыдан дамуына мүмкіндік таба бермейтін. Кейбірі үйде отырып қалған. Бұл жағдай Исатайға олардың бойындағы қабілетті ашумен қатар, болашақта өз бетінше өмір сүре алатын тұлға қалыптастыру қажеттігін де ұқтырған.

— Мен олардың мектеп бітіргеннен кейін үйде отырып қалатынын білмеппін. Орта білім алған соң әрі қарай оқуға түседі деп ойладым. Бірақ сол кезде ерекше балаларды колледжге қабылдай бермейтін. Қазір жағдай өзгерді, инклюзивті білім беру деген ұғым қалыптасты, — дейді ол.

Исатайдың мақсаты — қыздарға би қимылдарын үйретіп қана қою емес. Ол шәкірттерінің мамандық меңгеріп, өз еңбегімен табыс табуына, қоғамда өз орнын табуына жағдай жасағысы келеді. Қыздардың көпшілігі тігіншілік мамандығын меңгерген. Бұл олардың болашақта жұмыс істеуіне немесе басқа қалаға көшіп, отбасын құрған жағдайда да қажетіне жарайтын кәсіп. Исатай Елеусіновтің дизайнерлік қабілеті де бар. Ол сызған үлгідегі киімдерді биші қыздар тігеді.

Фото Исатай Елеусіновтің жеке архивінен

—  Мен бұл жандарға өмір үйретемін. Өз бетінше өмір сүруді, кім болғысы келетінін, мамандық таңдауды түсіндіремін. Қыздардың барлығы тігіншілік мамандығын меңгерген. Өйткені ертең басқа жаққа көшсе де, тұрмыс құрса да, қолында кәсібі болғанын қалаймын, — дейді хореограф.

Оның пікірінше, ерекше қажеттілігі бар балаларға теориялық біліммен қатар, тәжірибелік сабақтар көбірек қажет. Мәселен, тігіншілікке үйреткенде матаның қасиетін іс жүзінде көрсетіп, ал би сабағында әр қимылдың атауын, мағынасын және тарихын түсіндіру маңызды.

Сондықтан Исатай ұлттық билерді үйреткенде қимылдарды жаттатумен шектелмейді. Қазақтың салт-дәстүрін, өзге халықтардың мәдениетін де түсіндіреді. Мәселен, өзбек биіндегі кейбір қимылдардың мәнін, шаш өру үлгілерінің дәстүрмен байланысын шәкірттері жақсы біледі. Мұның бәрі қыздардың өнерді терең түсінуіне көмектеседі.

Фото Исатай Елеусіновтің жеке архивінен

Исатай Елеусіноватың айтуынша, топ немесе оның құрамындағы биші қыздар қандай да бір байқауға қатысса олардың ерекшелігі туралы айтылмайды.

— Би тобы немесе жеке биші байқауға қатысқанда, олардың есту қабілеті нашар екенін айтпаймын. Өйткені аяушылықпен қарағанды ұнатпаймын. Мұның себебі де бар. Бір байқауда Гран-при иелендік. Кейін дәлізбен келе жатқанымызда, артымыздан келе жатқан адамдардың «естімейтін қыздарды аяғандықтан Гран-при берген шығар» деген сөзін естідім. Сол кезде қатты қынжылдым. Қыздар жүлдені аяушылықтың арқасында емес, маңдай тері мен өнерінің арқасында алды. Сондықтан олардың ерекшелігін жария етпеймін. Мен үшін ең маңыздысы — қыздардың өзгелермен тең дәрежеде өнер көрсетіп, өз қабілетін биі арқылы дәлелдеуі, — дейді Исатай Елеусінов.

Фото Исатай Елеусіновтің жеке архивінен

Қаракөздің жеңісі — ортақ еңбектің нәтижесі

Исатай Елеусіновтың шәкірттері арасында халықаралық сахнада танылып жүргендердің көшін Қаракөз Мұрат бастайды. Ол бес жасынан бастап хореографтың тәлімін алған. Қазір өзі де би үйретіп, кейінгі буынға жол көрсетіп жүр.

Қаракөз есту қабілетінен айырылғанына қарамастан, кәсіби бишілер қатысатын байқауларда өнер көрсетеді. Оның жетістіктерінің қатарында «Сәукелелі ару» халықаралық байқауындағы Гран-при және Өзбекстанда өткен «Lazgi» халықаралық фестиваліндегі TÜRKSOY ұйымының арнайы сыйлығы бар. Қаракөздің сахналық киімдері де көрермен назарын аударған.

Қазір биші Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстандағы креативті индустриясының үздіктерін анықтайтын ICONIC байқауына «Үздік биші» номинациясы бойынша қатысып жатыр.

Қаракөз Мұрат. Фото Исатай Елеусіновтің жеке архивінен

Исатай Елеусінов Қаракөздің жетістігін жоғары бағалағанымен, көпшіліктің назары бір ғана бишіге ауып, қалған қыздар тасада қалмауы керек деп есептейді.

Хореографтың айтуынша, Қаракөз кәсіби бишілерге арналған мемлекеттік және халықаралық байқауларға қатысып, әр жолы өзінің өнерін дәлелдеуге мәжбүр. Байқау ұйымдастырушылары оның кім екенін алдын ала білмейді. Сондықтан ол сахнада тек дайындығы мен шеберлігіне сүйенеді.

— Бірде ата-аналардың бірі маған: «Біздің ерекше балалар үнемі неге бәрін дәлелдеуі керек?» деп сұрады. Қарапайым адамдар өз қабілетін әр жерде дәлелдеп жүруге міндетті емес қой. Ал Қаракөз кәсіби бишілермен бірге жарысқа қатысып, өзінің солармен тең өнер көрсете алатынын үнемі дәлелдейді. Бұл — үлкен жауапкершілік, — дейді Исатай.

Ол Қаракөзге әлемдегі есту қабілеті нашар адамдардың мүмкіндігін өнер арқылы көрсетіп жүргенін жиі айтып отырады. Биші үшін бұл — жеке жеңістен де ауқымды міндет.

Қаракөздің репертуарында қазақ биімен қатар, әлемнің он ұлтының биі бар. Исатайдың айтуынша, ол осы халықтардың би қимылдарын меңгеріп қана қоймай, олардың мәдени ерекшеліктерін де біледі. Хореограф мұндай жан-жақты дайындық бишінің кәсіби деңгейін арттыратынын айтады.

Қойылымдарды әртүрлі хореографтарға сахналату да осы мақсатқа бағытталған. Мәселен, «Хорезм» және «Бұхара» билерін Өзбекстандағы кәсіби маман қойған. Астанадағы хореографтармен де байланыс орнатылған.

— Әр бидің өз ерекшелігі болуы керек. Әр қойылымда менің қолтаңбам тұра бермеуі қажет. Қыздар басқа хореографтардың мектебін де үйренсін деймін. Сонда олардың кәсіби деңгейі артады. Басқа маман биді қойғаннан кейін мен әр қимылды нақтылап, қыздармен бірге пысықтаймын, — дейді ол.

Ұжымның репертуарында ұлттық билермен бірге заманауи қойылымдар да бар. Солардың бірі — «Тыныштық» биі. Оның ерекшелігі — музыканың орнына өлең ырғағына қойылған. Қыздар өлеңнің ырғағын, мәтіннің мәнін қимыл арқылы жеткізеді.

Исатай болашақта шығармашылық ұжымды театр деңгейіне жеткізуді армандайды. Оның пікірінше, сахналық қойылым міндетті түрде сөзбен сүйемелденуге тиіс емес. Қимыл, мимика және дене пластикасы арқылы да көрерменге ой жеткізуге болады.

Фото Исатай Елеусіновтің жеке архивінен

Өнердің де қолдауға мұқтаж тұсы бар

Қыздардың халықаралық байқаулардағы жетістігіне қарамастан, ұжымның материалдық мүмкіндігі шектеулі. Исатайдың айтуынша, көптеген жарысқа өз қаражаттарымен қатысуға тура келеді. Қаракөздің кейбір сапар шығынын өзі өтейді. Ал басқа қыздардың бәрінде бірдей мұндай мүмкіндік жоқ.

— Он жеті жыл үлкен уақыт сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ біз үшін бұл жол енді тәй-тәй басқан баланың алғашқы қадамы секілді. Енді мүмкіндігіміз бен жетістігімізді көпшілікке кеңірек көрсететін кезеңге жеттік деп ойлаймын, — дейді хореограф.

Ол спорт пен мәдениет саласындағы қолдау мүмкіндіктерінің айырмашылығына да назар аударады. Спортшыларға арнайы киім, аяқ киім, жол шығындары және шәкіртақы қарастырылуы мүмкін. Ал би ұжымы үшін халықаралық байқауға барудың өзі үлкен қаржылық мәселе болып қала береді.

Исатайдың айтуынша, осы себептен кейбір қыздар биден кетіп, спортқа бет бұрған. Қазір «Шаттық» тобында т он бір қыз өнер көрсетеді. Оның сөзінше, бұрынғы негізгі құрамда он бес қыз болған.

— Шынын айтсам, мәдениет саласына жеткілікті көңіл бөлінбей жатқаны қынжылтады. Қыздарымыздың да кәсіби тұрғыдан дамып, халықаралық байқауларға қатысқысы келеді. Бірақ бізде әзірге шығын көп, ал оны жабатын тұрақты қолдау жоқ, — дейді ол.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Сахналық киім мәселесі де осыған байланысты. Қыздар киімдерін көбіне өздері тігеді. Бірде демеушілердің бірі сахналық он костюмге арналған мата алып берген. Ал кәсіби сахналық киімдердің әрқайсысы қомақты қаражатты қажет етеді. Сондықтан ұжым бар мүмкіндігін пайдаланып, киімнің үлгісін де, тігісін де өздері дайындайды.

Хореограф өңірдегі мұнай-газ компанияларынан бірнеше рет қолдау сұрағанын айтады. Оның пікірінше, компаниялар үшін мұндай ұжымға демеушілік жасау әлеуметтік жауапкершіліктің ғана емес, мәдени жобаларды қолдаудың да бір жолы болар еді.

Алайда Исатай үшін қолдау тек қаражат бөлумен шектелмейді. Қыздарды қалалық және облыстық концерттерге шақыру, үлкен сахналарда өнер көрсетуіне мүмкіндік беру, еңбегін көпшілік алдында бағалау да маңызды.

— Мен облыс әкімімен кездескенде де тек ақша сұрап тұрған жоқпын, қолдау керек екенін айттым. Қыздарды концерттерге шақырса, үлкен сахнада өнер көрсетсе, басшылар олардың қолын алып, «Жарайсыңдар!» десе, бұл бізге бір жылға жететін мотивация болар еді. Көп адам бізді тек қаржы сұрайды деп ойлайды. Иә, жол шығыны мен басқа қажеттіліктерге қаржы керек. Бірақ қолдау деген тек ақша емес, — дейді Исатай.

Оның айтуынша, қыздардың өнеріне қызығушылық танытатын көрермен бар. Бірақ ұжымның Атыраудан тыс жерлерде танылуы үшін алдымен туған өңірінде кеңінен қолдау табуы қажет.

— Бізді филармонияның немесе мемлекеттік шығармашылық мекеменің жанындағы ұжым ретінде көргім келеді. Қыздардың өнерін тұрақты түрде дамытуға мүмкіндік болса деймін. Өзбекстанда біздің өнерімізді көрді. Енді олар біздің қолға алған жұмыстың маңызы мен мәнін түсініп, топтар құрып, бұл бағытты дамытуға ден қойса таң қалмаймын, — дейді хореограф.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Қабілетті көрсетуге мүмкіндік керек

Исатай Елеусінов шәкірттерінің болашағын тек би өнерімен шектемейді. Оның ойынша, қыздар өздері қалаған мамандықты меңгеріп, кәсіпкер, басшы немесе шығармашылық маман бола алады. Ең бастысы — қоғам олардың таңдауына шектеу қоймауы керек.

Хореограф Қытайда есту қабілеті нашар жүз адамнан құралған шығармашылық ұжым бар екенін айтып, олардың жұмысымен танысуды армандайды. Мұндай тәжірибе Қазақстандағы инклюзивті өнердің дамуына да ықпал етуі мүмкін деп есептейді.

Оның тағы бір мақсаты — шәкірттерінің өнерін тұрақты түрде көрсететін шығармашылық кеңістік қалыптастыру. Қыздар тек мерекелік концерттерге шақырылған кезде ғана емес, кәсіби өнерпаздармен қатар өз репертуарын ұсынатын ұжым ретінде танылса дейді.

Қаракөздің халықаралық байқаудағы жеңісі осы жолдың мүмкін екенін көрсетті. Бірақ Исатай үшін бір адамның жетістігімен тоқтап қалуға болмайды. Ол басқа қыздардың да сахнаға шығып, кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасауды көздейді.

— Мен «мүмкіндігі шектеулі» деген сөзбен келіспеймін. Балаларға шектеу қоймау керек. Олар директор да, кәсіпкер де бола алады. Менің міндетім — олардың қабілетін ашып, өздігінен өмір сүре алатын тұлға қалыптастыру. Енді сол мүмкіндіктерін өңірге, елге және әлемге көрсетуіміз керек, — дейді Исатай Елеусінов.

Кейіпкердің он жеті жылдық еңбегі — бір би тобының тарихы ғана емес. Бұл — есту қабілеті нашар қыздардың өзіне сенуіне, мамандық меңгеруіне, сахнаға шығуына және қоғамнан өз орнын табуына жол ашу әрекеті.

Бұған дейін 77 жастағы хореограф Ерсін Жүсіповтың арманы туралы жазған едік.