Исекешев әлемге әйгілі «Madison Square Garden»-нің вице-президентін жұмысқа шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы нысандарды тиімді пайдалану үшін отандық мамандармен арнайы команда құрылып, оның басшылығына «Madison Square Garden» аренасының вице-президенті Роберт Уильямс шақырылып отыр. Бұл туралы Елбасының қатысуымен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте шаһар басшысы Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мәдени және спорттық шаралар бойынша айтар болсақ, біз қаладағы нысандарды пайдалану тиімділігін арттыру үшін арнайы компания құрып жатырмыз. Қазірдің өзінде «Барыс Арена» және «Қазақстан» спорт кешені сол компанияға тапсырылды. Алдағы уақытта оған тағы да «Астана Арена» мен «Алау» мұз айдыны, салынып жатқан Жекпе-жек сарайы берілетін болады», - деді Исекешев.

Оның айтуына қарағанда, мұндағы мақсат - нысандардың халықаралық сертификациясын қамтамасыз етіп, Қазақстанда, Ресейде және ТМД елдеріндегі ірі мәдени және спорттық шараларды елордада өткізу.

«Қазіргі таңда отандық мамандармен команда құрылып, оның басшылығына Madison Square Garden-нің (Нью-Йорк қаласындағы жылына 320 шара өтетін ірі спорттық арена - авт.) вице-президенті Роберт Уильямсты шақырып отырмыз. «Барыс Аренаның» өзінде осы жылы 70-ке жуық шара өткізілмек. Оған 500 мыңға жуық көрермен келеді деп жоспарлануда. Ал жалпы, жыл бойы қалада әртүрлі ауқымдағы 700-ге жуық шара өткізіледі», - деді қала басшысы.