Исекешев апаттық жағдайда болған мектептің орнына салынған жаңа мектепте болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Білім күні елордада №26 мектеп-гимназиясы ашылды. Салтанатты шараға Астана әкімі Әсет Исекешев келіп қатысты.

Әкімшілік атынан Әсет Исекешев оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздарды Білім күнімен құттықтады.

«Биыл жаңадан алты мектеп ашылды. Олардың ішінде екеуі - жалғастыра салынған ғимарат болса, төртеуі - жаңа мектеп. Соның бірі - сендердікі. Осы ауданда жаңа білім ордасы бой көтеруі біз үшін маңызды, оқушылар жаңа әрі қазіргі заманғы мектепте білім алады», - деді ол.

Әкім құттықтауынан соң, мектеп алдында дәстүр бойынша алғашқы қоңырау соғылып, мерекелік концерт өткізілді.

Айта кетейік, Конституция көшесінде орналасқан мектеп бастауыш 1-4 сыныптарға ғана арналған болатын. 2013 жылы ол апаттық жағдайда тұрған мектеп деп танылды. Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат тұрғызылып, оған «мектеп-гимназия» мәртебесі берілді.

Айта кетейік, бүгін Астанада алғашқы қоңырау 95 мектепте соғылады. Елордалық мектептерге 129 мың оқушы сабаққа барады. Олардың ішінде 21 мың балақай мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.