Исекешев Астанада ұрланған шойын қақпақтарды қабылдайтындармен күреспек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев қалада ұрланған құдықь қақпақтарын сатып алатын қабылдау орындары қызметін қадағалау мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің сөзіне қарағанда, күн сайын елордада 10-15 құдық қақпақтары ашық қалады екен.

 «Бүгін тағы бір мәселені талқыладық. Электр қуаты жүргізілген кабельдерді күзету керек деп айтып жатыр. Негізі, оның барлығын күзету мүмкін емес. Бұл ретте ондаған шақырым жерасты шахталар бар, соның ішімен адамдар жүріп, кабельдер мен шойын қақпақтарды ұрлайды. Күн сайын 10-15 құдық ашық қалады. Балалар да осы ашық құдықтарға құлап жатады. Ең басты мәселе - бұл қақпақтарды кім сатып алып жатыр? Бүгінде қара және түсті металл сатып алу бойынша саланың қызметі регламенттелмеген»,-деді Исекешев Астананың орнықты дамуы жөніндегі кеңестің бірінші отырысында.

Оның пайымынша, металл қабылдайтын орындардың көбісі ұрланған заттарды сатып алуға бейімделіп алған.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың аяғында Астана тұрғыны Исекешевке ашық жатқан қақпақтар бойынша шағымданған еді.