«Келе жатқан Қала күні мерекесімен құттықтаймын! Бұл мереке қоғамдық-саяси маңызы бар, еліміздің әрбір азаматы үшін жалпықоғамдық мереке болып табылады. Астана Қазақстан егемендігінің басты символдарының бірі, бүкіл әлемге танымал бренд. Осы сәтті пайдалана отырып, Астана қаласының дамуы мен гүлденуіне жағдай жасап отырғандарыңыз үшін әрқайсысыңызға алғысымды білдіргім келеді. Біз бұл қаланы одан әрі әдемі, ыңғайлы, таза етуде бірігуіміз қажет», - деді Әсет Исекешев.
Шаһар басшысы әрі қарай қаланың даму нәтижелері және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жайында есеп беріп, шешімді қажет ететін мәселелерді тілге тиек етті.
Мәселен, 2017 жылдың бес айында барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша жағымды өзгеріс байқалуда. Өнеркәсіптік өнім көлемі 216,4 млрд теңгеге, инвестиция тарту 265,4 млрд теңгеге артты. 37% өсіммен 1,3 млн текше метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тіркелген орта және шағын бизнес субъектілерінің саны 142 мыңға жетті, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға төмендеді.
2017 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында мемлекеттік бюджетке түскен түсім көлемі 422,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджетке 325,3 млрд теңге, жергілікті бюджетке 97,4 млрд теңге сомасында қаражат аударылды.
Дегенмен, білім ордаларында орын жетіспеушілігі, құқықтық тәртіп мәселелері, инфрақұрылымды жақсарту және үлескерлердің түйіткілдері сынды шешімді қажет ететін мәселелер бар.
Кейін әкім қалалық мәслихат депутаттарының шешімімен «Астананың құрметті азаматы» атағына лайықталған 4 адамға марапаттарын тапсырды.
Сондай-ақ әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері мен ішкі істер органдарының және де басқа сала қызметкерлері, барлығы 15 азамат пәтер кілттерін алды.