Фейсбуктағы топтардың бірінде қала тұрғыны Ардақ Жанұзақова таңертең қатты аязда аялдамада тұрған жолаушыларды сол жағалауға тегін апарып тастаған көлік жүргізушісі туралы пост қалдырды. «Бүгін Еуразияға (сауда орталығы - авт.) жақын жердегі аялдамада бірнеше адам болып тұрғанбыз. Бір кезде жол талғамайтын көлікпен бір ер адам тоқтап: «Сол жағалауға бара жатырмын, жол-жөнекей апарып тастаймын» деп айқайлады. Басында жолды сұрап тұр ма, деп ойладық. Алайда екінші рет қайталағанда түсіндік. Әрине, біз ол ұсынысты қуана-қуана қабылдадық. Көлікке отырғаннан кейін ақшаны бергенді жөн көрдім. Беріп жатсам, көлік жүргізушісі бас тартты. «Бұл - менің ізгі ниетім. Одан да мешітке апарып беріңіз»,- дейді.
P.S. Қыстың соңы да алыс емес. Дегенмен, құрметті көлік жүргізушілері, аязда бос жүре бермей, жол-жөнекей болса, ізгі істі жасауды ұмытпаңыздар. Таңертең ондай бастамалар жақсы көңіл-күй сыйлайды екен. Ізгі ниетіңіз үш еселеп қайтатын болсын!
P.P.S. Машинаның маркасы мен нөмірі есімде жоқ. Дегенмен, «ақбоз ат» мінген көлік жүргізушісі, саған мың да бір рақмет!», - деп жазды Ардақ.
Осы жазбаны көрген Астана қаласының әкімі көлік жүргізушісінің жақсы бастамаға ұйытқы болып отырғанын жеткізді. «Егер әрбір азамат күніне бір ізгі істі жасайтын болса (көмекке мұқтаж отбасыларға қамқорлық жасаса, аязда біреуді жеткізсе, мейлі, жай жымиып күле салса да), онда Астана мейірімді адамдардың мекеніне айналады», - деп атап көрсетті Әсет Исекешев.