«Қолайлы қалалық ортаны жасау ісінде ұсақ-түйектер болмайды, бұл қауіпсіздік пен тұрғындарға ыңғайлы болуға қатысты мәселе. Қалалық қызмет көрсету де осы мәселені шешуі тиіс. Мен мұны жеке бақылауымда ұстаймын және Ikomek қалалық қызметі арқылы мониторинг жасап отырамын», - деді елорда әкімі.
Өткен жылы 33 мектеп қайта қалпына келтіріліп, жол белгілері ауыстырылды, жүретін жолдардың шыға берісі қайта жөнделіп, 11 білім беру нысанының көлік тұрағы кеңейтілді. Жоспарлы түрде жабық типтегі аялдамалар орнатылып, жарықтандыру жүргізілуде. Осы жылы тағы 13 нысандағы жұмыстарды аяқтау жоспарланған.
Астана әкімі ең бірінші нысан, № 66 мектеп-лицейге келіп тоқтады. Мұнда дәл қазіргі таңда оқу жылына дейін аяқталуы тиіс мектепке кіре беріс жолдардың төсем жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бұл мектептің кіре беріс жолының жоқтығына байланысты балалардың ата-аналары мен мұғалімдер бірнеше рет шағымданған болатын. Қазір жолдың құрылысы аяқталуға жақын. 1 қыркүйекте жұмыстардың бәрі бітеді», - делінген білім басқармасының хабарламасында.
Бұдан кейін Әсет Исекешев Мәңгілік ел даңғылының бойындағы № 76 және № 75 мектепке, №87 «Қадыр» балабақшасына барды. Аталған нысандардың жауапты тұлғаларына қатаң сөгіс берілді. Ә. Исекешев аз уақыт ішінде айтылған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
«Барлық осы нысандар бойынша кіре беріс жолдарды кеңейтіп, көлік тұрағын салып, Ә. Бөкейхан көшесінен тура шығып кететін жол салу қажет. Жақында оқу басталғалы отыр. Көлік ағыны көбейе түседі. Біз балалардың басын қауіпке тіге алмаймыз. Сондықтан барлық жауапты тұлғаларға жуық арада осы мәселені шешуді тапсырамын», - деді Астана әкімі.
Бұдан басқа, аралау кезінде Әсет Исекешев № 29 көше мен Керей Жәнібек хандары, «Саранда» ТК ауданында болып қайтты. Мәңгілік ел даңғылынан бастап Тәуелсіздік даңғылына дейін № 29 көшедегі жол-құрылыс жұмыстарымен танысып шыққан әкім, жауаптыларға басталған жұмысты соңына дейін жеткізуін және де ағаш отырғызу мен беткі шым қыртысын төсеу жұмыстарын да тапсырды.
«№ 29 көшені Вена кварталы мен Есіл ауданындағы тұрғын алаптарына дейін жеткізу қажет. Бұл өте маңызды-принципті түрде жасалатын жұмыс, себебі қала халқының саны жылдан жылға өсіп келеді. Барлық мәселе бойынша сапалы жағдай жасауымыз қажет. Жауаптыларға қысқа мерзімі ішінде осы мәселені шешуді тапсырамын», - деді Ә. Исекешев.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, алты жолақты жаңа жолдың ұзындығы бір шақырым. Нәтижесінде Ұлы Дала мен Мәңгілік ел даңғылында көлік азаяды.
Сонымен қатар, қарқынды құрылыс жоғарыда аталған аудандарда инженерлік желілер және кіреберіс жолдар жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендерінде де қамтамасыз етілмек.