Исекешев қоғамдық көлік мәселесіне қатысты қоғамдық тыңдау өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қаладағы қоғамдық көлік саласындағы проблемаларға қатысты қоғамдық тыңдау өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қаладағы қоғамлық көлік қозғалысының дамытудың нақты жоспарын әзірледік. Қаңтар айында осы мәселе бойынша көлік ұйымдарының (такси, автопарк, жол полициясы және т.б) барлығын шақырып қоғамдық тыңдау өткізуді жоспарлап отырмын»,-деп жазды қала басшысы Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Исекешев атап өткендей, қала тұрғындарының көбі қоғамдық көлік саласына қатысты көп сын-пікір айтып жүр. Астаналықтардың басым бөлігі қоғамдық көліктегі қызмет көрсету деңгейінің нашар екенін, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігін, лық толы автобустар мен қаладағы кептелістерге қатысты арыздарын айтады.

Айта кетейік, 29 қаңтар күні сағат 10.00-де Сарыарқа аудандық әкімдігінің ғимаратында қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун осы мәселе бойынша кеңес өткізеді.