Исекешев мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобаларын кеңінен енгізуге мүдделі
«Қазіргі кезде 6 балабақша бойынша конкурстар өтті. Соның ішінде 4 балабақшаны инвестордың өзі салып, өзі басқаратын болады. Жалпы, алдағы екі жылға біз 30-жуық жобаны анықтадық. Әкім ол жобалардың барлығын бекітті. Соның ішінді үлкен жобалардың бірі - бейнебақылау жүйесі. Алдағы уақытта біз қаланың барлық жерлерінде бейнекамераларды орнатуды жоспарлап отырмыз. Шамамен, 10 мың камера болады. Аталған жобаның бірінші кезеңі ЭКСПО көрмесіне дейін іске асады», - дейді Әбдіқадыров. Бұдан бөлек, Астана әкімдігі мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде қаладағы көше жарығын біркелкі етіп, шамдарды барлық аудандарда орнатуды көздейді. Негізгі мақсат - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Оған қоса, көше шамдарының инфрақұрылымын пайдалана отырып, «Smart city» жобасының тетіктері - бейне бақылау, көше қозғалысын реттеу және Wi-Fi желісін орнату жоспарланып отыр. «Сосын біз қаланы тазалау, соның ішінде қарды шығару қызметін де мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде жүргізуді жоспарлап жатырмыз. Әсет Өрентайұлы өзі осы саладағы жобаларға ерекше көңіл бөліп келеді», - деп атап көрсетті басқарма басшысы.
Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде кәсіпкерлер жаңа ғимарат салу, я болмаса, ескі нысанды жаңғырту арқылы әлеуметтік қызмет көрсету кәсібін жолға қоя алады. Ондай тәжірибе балабақшаларды ашу саласында кеңінен тараған. Бизнес өз ақшасын салғаннан кейін субсидия және тағы басқа өтемақылардың есебінен өз шығындарын ақтай алады. Оған қоса, ақылы қызметтерді де көрсетуге мүмкіндік бар. Осыған байланысты «Мемлекеттік-жекешелік әріптестігінің қазақстандық орталығы» АҚ кәсіпкерлерге тегін консультациялар беріп келеді. Ұлттық экономика министрлігі осы салада республика бойынша қолға алынған жобалардың санын жариялаған болатын.