Ішімдік ішкен күйінде автокөлік айдап, кісі өліміне себепкер болған Шыңғырлау аудандық мәслихатының бұрынғы хатшысынан 1,8 млн. астам теңге залал өндірілді - БҚО

None
ОРАЛ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Шыңғырлау ауданы прокурорының Шыңғырлау аудандық мәслихатының бұрынғы хатшысы Мұрат Малтиевтен 1 897,5 мың теңге көлемінде келтірілген залалды және сот-автотехникалық сараптамасын жүргізуге жұмсалған 32 714 теңге процессуалдық шығындарды мемлекет пайдасына өндіру туралы талап-арызы бойынша Шыңғырлау аудандық сотының шешімі заңды күшіне енді.

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылдың қыркүйек айында Ақсай-Шыңғырлау автожолында М.Малтиев жүргізіп келе жатқан ГАЗ-31105-501 маркалы автокөлік жол бойында жарық дабылы қосулы тұрған ГАЗ-53 автокөлігімен соқтығысқан. Аталған жол-көлік оқиғасының салдарынан бір жолаушы қайтыс болды.

Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес М.Малтиевтің қанының құрамынан этил спирті анықталды.

Осы факт бойынша Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімімен өткен жылдың қыркүйек айында ҚР ҚК-нің 296-бабы, 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында анықталғаны, Малтиев аудандық мәслихаттың хатшысы болғандықтан, оған көлік құралының сақталуы үшін жауапкершілік жүктелген.

Талап-арызда көрініс тапқан прокурордың уәждерін назарға ала отырып, аудандық сот залал сомасын М.Малтиевтен толық көлемде өндірді.

Аталмыш оқиғадан кейін М.Малтиев қызметімен қош айтысқан болатын.