ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алкогольды өнімдер өткізу талаптарын бұзғаны үшін Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік соты салған айыппұлдың жалпы мөлшері 2 млн 349,302 мың теңгені құрады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңы 9-бабына сәйкес мейрамхана, бар, кафелерден басқа жерлерде сағат түнгі 23.00-ден келесі күнгі 08.00-ге дейін алкоголь өнімін сатуға тыйым салынғаны белгілі. Осы заңдылықты бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 200-бабы 3-бөлігіне сәйкес биыл 26 кәсіпкер жауапқа тартылды. Кәсіпкерлік нысандарының санаттарына байланысты оларға 22 690 теңгеден 181 520 теңгеге дейін айыппұл салынды.
Қазіргі таңда соның 992 440 теңгесі ғана ерікті түрде төленген. Қалғаны мемлекет пайдасына мәжбүрлі түрде өндірілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).