Ішкі әскердің «Қалқанына» 50 жыл

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2011 жылдың 28 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері «Қалқан» газетінің жарық көргеніне 50 жыл толады. Бұл туралы Ішкі әскерлердің баспасөз қызметі мен «Қалқан» газетінің редакциясынан хабарлады.

Ішкі әскердің «Қалқан» газетінің 50 жылдығына арналған салтанатты жиын 2011 жылдың 30 қыркүйегі күні Астанада ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің комитетінде өтеді. Оның барысында ҚР ІІМ мен Ішкі әскер қолбасшылығы атынан «Қалқан» газетіне еңбегі сіңген ардагерлер мен тілшілерге марапаттаулар тапсырылатын болады. Сондай-ақ, Ішкі әскердің қару-жарақ техникалары мен «Қалқан» газетінің баспа өнімдері қойылған көрме өтеді.

Газет тарихынан қысқаша үзінді. 1961 жылдың 28 қыркүйегінде Кеңестер Одағы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің Қазақ КСР және Қырғыз КСР бойынша басқармасы саяси бөлімінің органы «На боевом посту» газеті жарық көрді. Газеттің алғашқы редакторы Л. Козельский басылымды қалыптастыруға жан-жақты еңбек етті.

Ел егемендік алған жылдары кеңестік дәуірден қалған армия өзгерістерге ұшырап, әскер түрлері қайта құрыла бастады. 1992 жылдың 10 қаңтарында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен ҚР ІІМ Ішкі әскерлері құрылды. Әскер газетінің атауы «Қалқан»-«Щит» болып өзгертілді. Бас редактор болып Виктор Фрайденберг, оның орынбасарлығына белгілі журналист Сағидолла Көшімбаев тағайындалды.

2004 жылдың қаңтарында газеттің бас редакторлығына подполковник Сәдуақас Жұбатов тағайындалып, осы уақытқа дейін басқарып келеді. 2004 жылдың наурыз айынан бері газет атауы «Қалқан» болып өзгертілді.

2005 жылдың наурыз айында «Қалқан» газетінің қосымшасы ретінде түрлі-түсті безендірілген «Бүркіт» журналының алғашқы номері жарық көрді. Ал 2009 жылдың сәуір айынан бастап «Бүркіт» журналының қосымшасы - оқу-әдістемелік материалдар жинағы «Ішкі әскер жаршысы» шыға бастады. Екі айда бір рет шығатын бұл басылым да өз оқырмандарын тапты.

2009 жылдан бастап «Қалқан» газеті редакциясы жанынан видеостудия құрылды. Видеостудия капитан Дмитрий Дегтяревтің басшылығымен осы уақыт ішінде ішкі әскердің жауынгерлері қызметі жөнінде «Хабар» телеарнасы және «Голд-медиа» шығармашылық орталығымен бірге бірнеше деректі фильмдерді дүниеге әкелді. Бұл орайда капитан Асқар Нұрпейісов, лейтенант Евгений Павловский және аға лейтенант Санат Құмаров, сержант Олег Булановтар белсене кірісіп, фильмдерді жасауға шығармашылық үлестерін қосуда.

Қазіргі уақытта редакция ұжымында бас редактордың орынбасары подполковник Алтай Сиырбаев, бөлімше бастығы подполковник Айткүл Мырзатаева, өңірлік тілшілер: майорлар Ерболат Сұлтанов пен Альфия Ахмеджанова, капитан Ержан Әбдірахманов, аға лейтенант Руслан Жангулин және Данагүл Алғожина, Астанадағы тілшілер - Александра Өтепова, Руслан Қайыркеновтер секілді әскери тақырыпта қаламдары ұшталған журналистер еліміздің әр түкпіріндегі әскери бөлімдерге іс-сапарға баруға қашан да дайын.