«Өздеріңізге белгілі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде әуе компанияларына тұрақты ішкі коммерциялық әуе рейстерін орындауға рұқсат берудің жаңа ережелері күшіне енді. Ол бойынша енді әуе компаниялары Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) IOSA (ИАТА-ның өндірістік қауіпсіздік бойынша аудиті) сертификатын алуға міндетті. Ал бұл заңға қайшы. Өйткені, IOSA стандарттары ҚР ұлттық заңнамаларына енгізілмеген. Енгізілсе бір сәрі еді. Сондықтан, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің IOSA сертификатын алу туралы талабы орынсыз, сол үшін ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылдың 27-ші наурызындағы тиісті бұйрығы күшін жою тиіс. Оның үстіне ИАТА - халықаралық коммерциялық үкіметтік емес ұйым. Ол әуе тасымалдаушыларын, әуежайларды және тасымалдау бағыттарын сату жөніндегі агенттіктерді біріктіреді. Оның стандарттары тек ұсыныстық сипатқа ие. Оған мүше болу міндетті емес. Ал, Қазақстан халықаралық құқық субъектісі ретінде оған тіпті мүше бола алмайды. Сондықтан, отандық әуе компанияларының қызметі ұлттық заңнама негізінде сертификаттау және ұлттық стандарттарға сәйкестігін тексеру арқылы жүзеге асырылуы тиіс», - деді Н. Жұмасұлтанов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, халықаралықIOSA сертификаттарын алу өте қымбат тұрады. Сертификаттың өз бағасы 60 мың доллардай тұрғанымен, аудиторларды шақыру, олардың жол шығындары, қонақ үйге орналастыру, тамақтандыру және басқа да шығындарын қосқанда бұл сома 1,5 млн. долларға жетіп жығылады. Ал бұл жеке әуекомпаниялары үшін ауыр салмақ. Оның үстіне сертификаттың бары-жоғы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік бере алмайды.
Айта кетелік, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің талабы бойыншаIOSA аудиторлық сертификатын алмаған әуе компаниялары 2016 жылдың 1 қаңтарынан ішкі рейстерден шеттетілуі тиіс болатын. Бірақ, осылайша ішкі тұрақты рейстердің жабылу қаупі туындады. Осыған байланысты, ішкі рейстерге әзірге шектеу қойылмайтын болды. Қазіргі таңда ішкі тұрақты рейстерді орындаумен айналысатын алты қазақстандық әуе компаниясының екеуі IOSA сертификатын алған. Олар: «Эйр Астана» және «SCAT». Жаңадан құрылған «Qazaq Air» әуекомпаниясының IOSA үшін 2 жылдық жеңілдік кезеңі бар екен. Дегенмен компанияда сертификатты алуға дайындық жұмыстары басталып кетіпті. Ал «Бек Эйр», «Жезқазған Эйр» және «Жетісу» әуе компанияларының IOSA сертификаттары әзірге жоқ.
Қазіргі таңда «Бек Эйр» - 19 бағдар, «Жезқазған Эйр» - 1 бағдар, «Жетісу» - 1 бағдар бойынша әуе рейстерін орындайды.