Ішкі істер министрі Астана қалалық ішкі істер департаментінде болды

АСТАНА. Сәуірдің 27-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов Астана қалалық ішкі істер департаментінде болды.

Онда министр Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылғы Жолдауында көтерілген ішкі істер органдарына қатысты мәселелердің атқарылу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Департамент қызметкерлерімен жүздесу барысында ол қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу мәселесіне баса назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар ол елорданың вокзал аумағындағы жағдайды бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Департамент өкілдері министрге қалалық ішкі істер департаменті қызметкерлері тарапынан екі ұйымдасқан қылмыстық топ пен пәтер тонаумен айналысып жүрген 4 топтың құрықталғандығы туралы айтты. Жыл басынан бері елордалық тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 85 килә есірткілік заттарды тәркілеген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 киләға көп болып отыр. Кездесуден соң министр еліміздегі әрбір полиция қызметкері Елбасы міндеттеген мәселелерді жан-тәнімен сезініп, соған сай жұмыс істей білу қажеттігін айтты.