Ішкі істер министрі мен Астана әкімі елордалық полицейлерге жаңа үйден пәтер кілттерін табыс етті

ТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Бүгін Астана қаласы Ішкі істер департаментінің 108 қызметкері жаңа үйден пәтер кілттерін алды.

Салтанатты шараға ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Астана әкімі Иманғалаи Тасмағамбетов қатысты.

Жалпы аумағы 8 947 шаршы метрді құрайтын жаңа тұрғын үй кешені «Сарыарқа» ауданында К.Байсейітова көшесінде бой көтерді. Эконом санатындағы баспана тұрғын үй кезегінде тұрған Астана қаласының ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған. Қоныс тойын тойлаушылар арасында ІІМ органы қызметкерлерінің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың, жас және көпбалалы отбасыларға жататындардың, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелейтін қызметкерлердің отбасы өкілдері бар. Онымен бірге, кілттерді учаскелік инспекторлар мен патрульдік-полиция қызметкерлері, ауған соғысында болған полицейлер алды.

Жеке құрамды қуаныштарымен құттықтап, қала басшылығына алғысын білдірген Қ.Қасымов: «Біз елде құқықтық тәртіпті нығайту мәселесінде Елбасының және Үкіметтің ұдайы қамқорлығын сезінеміз. Өткен жылы Астана қаласында ішкі әскердің әскери қалашығы салына бастады. Екі ай бұрын елордада емханасы бар жаңа госпитальдың іргесін қаладық. Міне, бүгін жеке құрамымыз үшін тұрғын үй алып отырмыз», - деп атап өтті.

Өз кезегінде елорда әкімі, биылғы жыл Қазақ халқы үшін, еліміз үшін өте маңызды, тарихи жыл екендігін, осы жылдар бойы Президент Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміз өсіп-өркендеп келе жатқандығын айтты. «Жалпы мақтанарлық жағдайларымыз өте көп. Бәрін айт та, бірін айт. Оның ішінде Астананың орны бөлек», - деді ол.

Жыл сайын Астана қаласында 1 млн. 400 шаршы метр тұрғын үй тапсырылады. «Мұның бәрі еліміздегі тыныштық пен берекенің арқасында болып жатқан дүние. Сондықтан да, қазақ «Ер - елдің қорғаны»,- дейді. Расында да Астанамыздағы тыныштық болсын, тәртіп болсын, бәрі - сіздердің еңбектеріңіздің арқасында. Ел үшін, қала тұрғындары үшін жасап жатқан еңбектеріңіз үшін ризашылығымызды білдіре отырып, қуанышты күндеріңіз сәтті болсын, амандық-саулық әкелсін, үйлеріңіз толған қуаныш болсын деген тілек айтқым келеді», - деп түйіндеді И.Тасмағамбетов.

Астана қаласы ІІД қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселесіне, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етуге қала билігі мен ІІМ басшылығы ерекше мән береді. Атап айтқанда, 2004 жылы Астана әкімдігі аталмыш санат бойынша кезекте тұрғандарға Тілендиев көшесінде орналасқан көпқабатты үйден 112 пәтер берді.

Сондай-ақ айта кетейік, елордалық полиция гарнизонының тәртіпке салынған жұмысының арқасында Астана қазіргі уақытта Қазақстанның ең қауіпсіз қалаларының бірі болып табылады. Қалада жасалатын ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны мұнда ең төменгілердің бірі. 2011 жылдың 9 айында кісі өлтіру қылмыстарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 23,1 және қарақшылық 18 пайызға азайды. Онымен бірге, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу үрдісі жақсарды.