Ішкі істер министрі отырған ұшақ апатқа ұшырады

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін филлиппиндік Ішкі істер министрі Хессе Робредо мінген ұшақ Масбате провинциясында теңізге құлады, деп хабарлайды Утро.ру.

 Ол  Cessna деп аталатын кішкентай ұшақпен Оңтүстік Камаринес провинциясындағы Нага қаласына ұшып шыққан болатын. Аталмыш қалада маңызды жиналыс өтіп жатқан. Ұшақ әуеге көтірілген соң, ұшқыш ұшақтың бұзылғанын хабарлап, апатты қонуға баратынын мәлімдеген. Дегенмен ол әуежайға жете алмады, ұшақ теңізге құлады.

Құтқарушылар апат орнына жеткенде министрдің көмекшісі Хун Абразадоны тауып алған. Ол әуежайдан 3 шақырым жерде, суда қалқып жүрген. Министрдің көмекшісі өзін ұшақ құлаған жерге апаруды өтінгенімен, ауыр жарақат алуына байланысты, ол жергілікті ауруханаға жеткізілді.

Абразадо ұшақ құлап келе жатқан кезде секіріп үлгерген екен. Оның айтуынша, министр секіріп үлгермей қалған. Ұшақтағы қалған төрт адамның тағдыры беймәлім.  Құтқарушылар министр, екі ұшқыш және бір полиция өкілін іздеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Алдын ала болжам бойынша, апат мотордағы ақаулардан болған.