Ішкі істер министрлігі адам саудасы қылмысына жауапкершілікті қатайтуға бағытталған заң жобасын әзірледі
ІІМ Криминалды полиция комитетінің төрағасы Ерлан Омарбековтің айтуынша, заң жобасымен Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Еңбек кодекстеріне өзгерістер енгізу көзделеді. Сонымен қатар, заң жобасының ережелері негізінен адам саудасына қатысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге, адам саудасы саласындағы қылмыстардан жапа шеккендердің, оның ішінде кәмелетке толмағандардың құқы мен мүддесін қорғауға бағытталады. Бұдан бөлек, құжаттың жаңа нормалары Қазақстанның қолданыстағы заңының жекелеген ережелерін БҰҰ Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес конвенциясына сәйкес келтіруді қамтиды. Бұл ретте адам саудасына, әсіресе әйелдер мен балалардың қылмыскерлер құрығына ілігуіне қарсы алдын алу және жолын кесу, сол бағытта жазаны күшейту туралы хаттама ережелеріне баса назар аударылады.