Ішкі істер министрлігі аса ауыр қылмыстардың тергеу мерзімін айтарлықтай қысқартуды көздеп отыр - Сенат отырысы

АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап, тиісті өзгерістермен Мәжіліске қайтарды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Отырыс барысында аталмыш құжатқа байланысты баяндама жасаған Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтың айтуынша, заң жобасы қылмыстық істен күдікті азаматқа қатысты нақты айғақтары бар аса ауыр емес қылмыстар бойынша іс жүргізудің сотқа дейінгі рәсімін оңайлатуға бағытталған. «Қазіргі таңда алдын ала анықтау мен тергеу барлық қылмыстарға қатысты жүргізіледі. Өйткені қолданыстағы тергеу рәсімі кеңестік жүйенің тәртібін сақтап қалған. Соның салдарынан қазір қылмыстық процеске қатысушы азаматтар ішкі істер және өзге де органдарға бірнеше рет шақырылады және оларға қатысты көптеген тергеу әрекеттері жүргізіледі. Олардан учаскелік инспекторлар мен тергеушілер, анықтаушылар одан соң сот өкілдері барлығы да жауап алады. Нәтижесінде жеңіл қылмыстық іске қатысты күдікті өзінің кінәсін мойындап, қажетті деректер жеткілікті болса да бірнеше ай бойы тергеледі», деді министр.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістер осы мәселелерді реттейді. Нәтижесінде аса ауыр емес қылмыстар бойынша тиісті материалдар соттың қарауына айналасы 10 күннің шамасында жіберіледі. Ал сот өз кезегінде прокурор мен адвокаттың және басқа да осы процеске қатысушылардың араласуымен берілген материалдарды аз ғана уақыт ішінде қарастырып, тиісті азаматтың кінәсі мен жазасын белгілейді. «Сөйтіп, бір жағынан ауыр емес қылмыстарды тергеудің мерзімі қысқарып, жемқорлық әрекеттеріне тосқауыл қойылады» деді С.Баймағамбетов.