Ішкі істер министрлігі «Ауыл жолдары» республикалық акциясын қорытындылады

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі «Ауыл жолдары» республикалық акциясын қорытындылады.

Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, аталмыш шара қазанның 17-сі мен 21-і аралығында қала сыртындағы жолдар мен елді-мекендердегі жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын дене жарақаттарының алдын алу мақсатында жүргізілген. Оның барысында тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді басты назарда ұстады. Акция барысында жол полициясының бөлімше қызметкерлері елді-мекендерге 1 мың 493 рет шығып, жүргізушілерге және жаяу жүргіншілерге 63 мың рет ақыл-кеңес берген. Сондай-ақ жол және коммуналдық сала қызметкерлерімен ауылдық мекендердегі жолдарға 724 тексеру жүргізген. Осы жұмыстар бойынша, жергілікті атқарушы органдарға 362 ұсыныс жіберілді.