Ішкі істер министрлігі Қарағанды мен Шымкентте есірткі бизнесімен күресетін екі аймақаралық мамандандырылған басқарма құрмақшы

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ішкі істер министрлігі Қарағанды мен Шымкентте есірткі бизнесімен күресуге арналған екі аймақаралық мамандандырылған басқарма құруға ниетті.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осы орайда министр өткен жылы штаттарды қайта бөлу есебінен есірткі бизнесімен күрес қызметі кеңейтілегенін еске салып өтті. Атап айтқанда Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік», ал Жамбыл облысында «Дельта-Алқап» атты арнайы бөлім құрылды. Бүгінде бұл бөлімдер саны жеткіліксіз екеніне тоқталған ол, «талдау жұмыстарына сәйкес екі аймақаралық мамандандырылған басқарма құру қажеттілігі туындап отыр. Біріншісін Шымкентте, ал екіншісін Қарағандыда орналастыру керек», деді. Бұл басқармаларды құру үшін ішкі резервтер тартылмақ. «Бүгінде бекеттердің жұмысы тиісті нәтижелер беріп отырған жоқ. Оларды қазіргі кезде қадағалау-техникалық шаралармен қамтамасыз етуге мүмкіндіктер болмай тұр. Сондықтан бұл күштерді аталған екі қалада пайдаланғанды жөн санаймыз», деді министр.