Ішкі істер министрлігі «Қауіпсіз жол» жалпы республикалық шұғыл-алдын алу шарасын өткізуде

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі 2010 жылғы сәуірдің 12-18-і аралығында «Қауіпсіз жол» республикалық шұғыл-алдын алу шарасын өткізуде.

ІІМ Жол полициясы комитетінің мәліметтеріне сәйкес, ағымдағы жылдың өткен үш айында республика жолдарында орын алған 1990 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Олардың салдарынан 426 адам қаза тапты, 2311-і жарақаттанды.

Жүргізушілердің кінәсінен 1723 жол апаты орын алды, бұл барлық оқиғалардың 86,6 пайызын құрап отыр. Осының ішінде 31 оқиға жүргізушінің рөлге мас күйінде отыруынан болды, оларда 9 адам мерт болып, 36-сы зардап шекті.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жолда жүру ережелері талаптарының сақталуы үшін жол полициясының қадағалауын күшейту - жол-көлік оқиғалары мен оларда зардап шеккен адамдардың санын азайтудың бірден-бір тиімді жолы.

Осы орайда, ІІМ сәуірдің 12-18 аралығында «Қауіпсіз жол» жалпы республикалық шұғыл-алдын алу іс-шарасын өткізуде. Бұл күндері жол полициясы қызметкерлерінің кезекшілігіндегі адамдар саны көбейтілетін болады.