13:15, 06 Сәуір 2009
Ішкі істер министрлігі көлік ұрлығына қарсы операция бастады
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Елордада автокөлік құралдарын ұрлау мен тонау қылмыстарына байланысты «Астана – айдап әкетуге қарсы» мақсатты іс-шарасы басталды.
Бұл туралы бүгін ІІМ-нің Криминалды полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл шараға қала азаматтары, ұялы байланыс операторлары мен БАҚ жұмылдырылмақ. «Шараға белсене атсалысып отырған байланыс операторлары СМС хаттар арқылы қала тұрғындарына ұрланған, іздеуде жүрген автокөліктердің белгілері бар мәліметтер жібереді. Әрбір азамат сол көліктерді көрген бетте 102 номері арқылы немесе 71-42-55 телефонына хабарласып, іздеудегі көлік құралдарын табуға жәрдемдесе алады», дейді С.Күсетов. Жыл басынан бері машинаны айдап кету оқиғалары өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 320-дан 260-қа төмендеген. Ал тонау оқиғалары керісінше 21 пайызға артқан.Аталмыш шара сәуірдің 5-і мен 10-ы аралығында өткізіледі.