Ішкі істер министрлігінің өкілдері адам саудасымен күреске бағытталған шараны қорытындылады

АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов министрліктің «Стоп-трафик» жедел-сауықтыру шарасының нәтижелерімен таныстырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Департамент бастығының мәліметтеріне қарағанда, аталмыш шара маусымның 8-і мен 12-сі аралығында адам саудасымен байланысты қылмыстардың алдын алу және оның жолын кесу мақсатында жүргізілген. «Аталған жұмыстар барысында адам саудасына қатысты 6 факті анықталды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімді саудалауға қатысты тағы бір әрекет әшкереленді. Бұған қоса, адамдарды еріксіз жұмыс күші ретінде пайдаланудың 2 оқиғасы мен жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеудің 4 оқиғасы тіркелді. 28 әрекет жеңгетайлық жасаумен және қызойнақ ұйымдастырумен байланысты болды. Шара барысында азаматтардың аты-жөндері мен оларға қатысты өзге де әрекеттерді анықтау мақсатында ішкі істер органдарының арнайы абақтысына 350 адам жабылды», деді Қ.Жұманов.