Бұл туралы бүгін «Адам саудасын тоқтатайық!» атты акция аясында журналистермен болған баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция комитетінің жедел уәкілі Қараторғай Бегалиннің айтуынша, Ішкі істер министрлігі Әділет министрлігі, Бас прокуратура және Жоғарғы сотпен бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасымен байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын дайындаған. «Қазіргі таңда аталмыш құжат ведомствоаралық комиссияның қарауынан өтіп, қыркүйек айында Үкіметке бекітуге жіберіледі», - деді Қ.Бегалин.
Оның айтуынша, тұжырымдамада адам саудасымен байланысты қылмыстардан зардап шеккен азаматтарға мемлекет есебінен міндетті түрде құқықтық көмек көрсету мәселесі қарастырылады. «Мысалы қандай да бір азаматтың адам саудасынан зардап шеккені анықталған жағдайда бірден мемлекет есебінен адвокат жалданады. Сонымен қатар құжатта қайыр сұраушылықты адам саудасымен байланысты қылмыстардың қатарына жатқызу мәселесі қарастырылған», - деді министрлік өкілі.