Бұл туралы бүгін аталмыш министрліктің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Департамент бастығының айтуынша, Ішкі істер министрлігінің өкілдері қазір Елбасы қойған міндеттерге сәйкес, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға ден қойып отыр. «Осыған байланысты қазір олардың арасында сауықтыру жұмыстары күшейтіліп, мектеп инспекторлары институты дамытылуда. Қазіргі таңда аталмыш инспекторлар саны республика бойынша 1 мың 500-ге жуықтады. Бұл бағытта елімізде осыған дейін де атқарылған шаралар нәтижесін беруде. Сөйтіп кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар біршама азайып отыр. Соған қарамастан ішкі істер органы өкілдерін қазір оқушылар арасында орын алып отырған құқықбұзушылықтар алаңдатуда. Өйткені кәмелетке толмағандардың ішінде құқықбұзушылықтарға бейім тұратындар көбіне мектептер мен лицейлердің және гимназиялардың оқушылары. Олар биылғы жылдың қаңтар айының өзінде 184 қылмыс жасаған. Республиканың кейбір аймақтарында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар саны артып отыр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі республика аймағында ақпанның 15-інен бастап, «Мектептегі құқық бұзушылық» шарасын ұйымдастырмақ», деді Қ.Жұманов.