Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында республикалық «Парасатты полицей» байқауы өтті

None
АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан халқының Тілдер мерекесі аясында10-11 қазан күндері аралығында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында жыл сайынғы республикалық «Парасатты полицей» байқауы ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараның мақсаты - ішкі істер органдарында тіл саясатын насихаттау, ІІО қызметкерлерінің оң имиджін нығайту, қызметкерлерді Отанға, тілге, өз елінің тарихына деген патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем тіл мен әдебиетті насихаттауды жандандыру болып табылады.

Байқауға республиканың барлық аймақтарындағы ішкі істер бөліністерінің құрама командалары қатысты.

Жалпы алғанда, барлық облыстардың ІІД қызметкерлерінен, сондай-ақ жоғары және арнайы оқу орындарынан барлығы 21 команда сайысқа түсті. Оларды бағалайтын әділқазылар мүшесінің құрамына ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары А. Күреңбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты О. Асанғазы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Ш. Құрманбайұлы, тіл жанашыры, «Құрмет» орденінің иегері О. Ботпай мен «Сақшы» газетінің бас редакторы Б. Әділжанова кірді.

Байқау 2010 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келеді. Республикалық іс-шараның аясында «Парасатты полицей дегеніміз кім?», «Туған тілім-тұғырым», «Мен ата-анамды мақтан тұтамын» атты тақырыптарда шығармашылық байқаудың қорытындылары жарияланды. Сондай-ақ, байқау қорытындысы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 11 қазанында елордадағы «Тілеп Қобыз сарайында» өткізілді.

Байқау қорытындысы бойынша 5 номинация айқындалды. Олар:

«Сегіз қырлы, бір сырлы» аталымы бойынша ІІМ Ақтөбе заң институтынан Малаев Інкәрбек Бауыржан;

«Өнерпаз команда» аталымында Қарағанды облысы ІІД-нің «Алаш айбыны» командасы;

«Көрермен көзайымында» - Шығыс Қазақстан облысы ІІД-нің «Өр-Алтай сақшылары» командасы;

«Үздік команда капитанынында» - Жамбыл облысы ІІД «Қаһарман елдің ұландары» командасы;

«Ұйымшыл командада» - Атырау облысы «Атырау қырандары» командасы.

Сонымен қатар байқаудағы орындар төмендегідей болды:

ІІІ-ші орын - Солтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің «Солтүстік жұлдыздары» командасы;

ІІІ-ші орын - Ақмола облысы ІІД-нің «Көкше қырандары» командасы;

ІІІ-ші орын - Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің «Қақпан» командасы;

ІІ-ші орын Қостанай облысы ІІД-нің «Ақ берен» командасы;

ІІ-ші орын Маңғыстау облысы ІІД-нің «Маңғыстау марғасқалары» командасы;

І-ші орын Алматы облысы ІІД-нің «Айбатты арлан, Тайсалмас тарлан» командасы;

Бас жүлдені Астана қаласы ІІД-нің «7172» командасы еншіледі.

Байқау жеңімпаздарын ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары А. Күреңбеков арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Жүлделердің ішінде: ІІМ шипажайларына жолдамалар, ведомстволық басылымдарға жазылу, «Алатау» спорт кешеніне жылдық тегін абонементтер мен спорт киімдері бар. Байқаудың соңы қазақстандық эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасты, деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.