Ішкі істер органдарының 207 қызметкері жұмыстарынан босатуға ұсынылды - аттестаттау нәтижесі

АСТАНА.  12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі Орталық аттестациялау комиссиясының жұмыс нәтижесі бойынша 207 қызметкер ішкі істер органдарынан қызметтен босатылуға ұсынылды.

Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары Болат Ішкібаев мәлім етті.

Айта кетейік, биылғы 27 маусымда ІІМ-нің Орталық аттестациялау комиссиясы ішкі істер органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестациялау бойынша жұмысқа кірісті.

«Қазіргі кезде ІІМ номенклатурасы бойынша 3006 қызметкер кезектен тыс аттестациялаудан өтті. Бұл санаттағы қызметкерлерге тоқталсақ, оның ішінде Орталық аппараттың барлық қызметкерлері, ІІМ-нің қызмет басшылары, қалалық және аудандық желілік ішкі істер органдарының басшылары, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің бастықтары, сондай-ақ есірткі бизнесіне қарсы күрес және өзіндік қауіпсіздік бөлімшелерінің қызметкерлері бар. Аттестациялау алдында және оны өткізу барысында 117 қызметкер ішкі істер органдарынан қызметтерінен шығуына байланысты аттестаттаудан өтуден бас тартты. Аттестациялау нәтижесі бойынша 73 қызметкер жоғары тұрған лауазымға ұсынылды, ал 2321-сі лауазымдарына лайықты екендіктерін танытты»,-деді ол.

Оның сөзіне қарағанда бұдан бөлек,  613 қызметкер лауазымдарына лайықсыз деп танылды. Оның ішінде 276-сын қызметінен төмендету, 130-ын басқа қызметке ауыстыру, сондай-ақ 207-сін ішкі істер органдары қызметінен шығару ұсынылды.