Ішкі істер органдарының ғимараттарында кезекші прокурор отыратын болды - Бас прокуратура

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселесі прокуратура органдарының қадағалау қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады.

Жыл сайын прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының қызметтік бөлмелерінде заңсыз ұсталып отырған жүздеген адамды босатады. Мысалы, 2011 жылы 1 063 адам босатылса, оның ішінде 490-ы - кәмелетке толмағандар, ал 93-і әйелдер. Азаптау деректерімен 15 қылмыстық іс қозғалды», деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметінен.

Осыған байланысты, Бас прокуратура қылмыстық-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту, азаматтардың бас бостандықтары мен құқықтарын қорғау мақсатында «Полициядағы кезекші прокурор -азаматтар құқығының кепілі» атты жобаны енгізді. Оны жүзеге асыру азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстанның құқық қорғау жүйесін жаңартудың қисынды жалғасы болып табылады.

Кезекші прокурор - кәсіби дайындығы жоғары, тәжірибелі прокуратура қызметкері. Оның басты мақсаты - азаматтарды азаптауға, заңсыз ұстауға жол бермеу. Демек, бұл жоба ішкі істер органдары ғимараттарында кезекші прокурорлардың қызмет істеуін, барлық жеткізілгендер мен ұсталғандарды электрондық есепке алуды, ғимаратқа кіру және шығу жолдарын бейнеге түсіру арқылы бақылау камераларын орнатуды көздейді.

2012 жылдың 1 ақпанынан бастап «Кезекші прокурор» институты техникалық үздік жабдықталған Астана және Алматы қалалары ішкі істер органдарында тәжірибелі түрде енгізілді. Бұл жобаның кемшіліктерін айқындап, пысықтауға және оны жетілдіруге мүмкіндік береді. Осыдан кейін жоба барлық өңірлерге енгізіледі. Одан әрі кезекші прокурорлар облыс орталықтарында, сондай-ақ қылмыстық ахуалы соғұрлым күрделі өңірлерде қызмет ететін болады. Олардың қызметтік кабинеттерін халыққа қолжетімді жердегі сәйкес түсініктемелік ақпараттармен бірге кезекші бөлімге қарама-қарсы немесе соның жанында орналастыру жоспарлануда. Сонымен бірге, барлық жеткізілгендер мен ұсталғандардың электрондық есебін кезекші прокурорға on-line режімде көрсететін жүйе енгізіледі.

«Қылмыстық істер жүргізу заңнамасының талаптарына сай ғимараттағы ұсталған тұлғаның уақыты аяқталған кезде бағдарлама кезекші прокурорға дабыл береді. Кезекші прокурордың  кез-келген заңдылықтың бұзылуына жедел түрде шара қолдануға, өз қаулысымен шұғыл түрде заңсыз жеткізілгендерді босатуға, азаптау жәйіттері бойынша  қылмыс іздерін бекітуге, сондай-ақ азаматтарды қабылдай отырып олардың бұзылған құқықтарын дер кезінде қалпына келтіруге шара қолдануға мүмкіндігі бар»,-делінген баспасөз мәліметтерінде.