Ішкі істер органында шеннің бар-жоғы маңызды болмауы тиіс - Талғат Қалиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жолдауда айтылған ішкі істер органдарын кешенді жаңғырту бүкіл жүйенің өзгеруін қамтамасыз етуі тиіс. Жүйенің басты назарында адам, азамат, оның қауіпсіздігі, құқықтары мен еркіндіктері болуы шарт. Мұндай пікірді саясаттанушы, саяси ғылымдар кандидаты Талғат Қалиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік мәселелерді сезініп, күн тәртібін алдын ала жасау шеберлігін тағы бір рет көрсетті. Қоғамда полицияны реформалау қажеттігі туралы оқтын-оқтын пікірлер айтылып жүр. Бірақ бұл пікірлердің нақты белгіленген парадигмасы жоқ. Кейбіреулер ведомство басшылығын алмастыру керек дегенмен шектеледі. Енді бірі жеке құрамды қысқарту керектігін айтса, біреулер погондарынан айыруды ұсынады. Мұндағы басты мәселе, полицияның немесе оның басшыларының келбетін өзгерту емес, азаматтар қауіпсіздігінің жоғары деңгейде болуына, олардың құқыққорғау органдарына деген сенімінің артынуы қол жеткізу болып отыр», - дейді Т.Қалиев.

Саясаттанушының атап өтуінше, Жолдауда айтылған ішкі істер органдарын кешенді жаңғырту бүкіл жүйенің өзгеруін қамтамасыз етуі тиіс.

«Полиция халыққа азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғау қызметін көрсететін сервистік қызмет болуы қажет. Қылмыстарды қысқарту және қылмыстарды ашу деңгейін арттыруға емес, азаматтардың қауіпсіздікті сезінуін қалыптастыруға ұмтылу қажет.

Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті мониторингілеу жүйесінде видеобақылау камералары жол апаттарын қысқартудың теңдессіз құралы, құқықбұзушыларды ұстаудың тиімді факторы, сыбайлас жемқорлықты жою және адам факторының алдын алу тәсілі ретінде көп көмегі тиіп жатыр. Қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйесі қылмыстарды ашу деңгейін арттыруға мүмкіндік берумен қатар, қылмыстардың алдын алуға бағытталған.

Осының бәрі құқыққорғау жүйесінің жаңа парадигмасы болып табылады. Онда ведомство басшының тұлғасы немесе шеннің болуы маңызды емес. Жүйенің басты назарында адам, азамат, оның қауіпсіздігі, құқықтары мен еркіндіктері болуы шарт», - деді ол.

Еске салайық, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады.

Онда Мемлекет басшысы құқыққорғау саласында оңтайландыру шараларын жүргізуді жүктеді. Атап айтқанда, келесі жылдан бастап құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту бағдарламасы басталады. Соның аясында ішкі істер органдарының штаттық құрамы оңтайландырылады, жалақы артады. 

Сондай-ақ құқыққорғаушыларды дайындайтын жоғары оқу орындарының білім беру жүйесін өзгертуді тапсырды. Мәселен, білім беру мерзімін 5 жылдан 3-6 айға дейін қысқарту мәселесі қарастырылмақ.

Бұдан бөлек, Қазақстандағы барлық құқыққорғаушылар аттестациядан өткізілетін болады.