Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында депутат Уәлихан Қалижан осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мәселен, еліміздің кейбір өңірлерінде жұмысшы күші артығымен болса, бірқатар аймақтарда бұл жетіспейді. Сонымен бір мезгілде, мемлекеттік үйлестіру жұмыстарының жетімсіздігінен және әлеуметтік қолдаудың төмендігінен ішкі көші-қон әлеуметтік мәселені ушықтыратын топтардың өсуіне жол ашып отыр. Бұған Алматы түбіндегі Шаңырақ, Бақай, Астана маңындағы Қоянды елді мекендердегі келеңсіз жағдайлар дәлел бола алады. Сондықтан да, ішкі көші қонды заңмен реттеу мәселесі өзекті күйінде тұр», деді депутат.
Оның айтуынша, еңбек ресурстарын жұмылдыру бағытындағы ақпараттық талдау мен оларды үй-жаймен қамтамасыз ету мәселелері ойластырылмаған. Бұл әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтар тарапынан әртүрлі заң бұзушылықтарға итермелейтін әрекеттерге жол ашады.