Ішкі нарықтағы еттің бағасы қымбаттамайды - А.Мамытбеков

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі нарықтағы еттің бағасы қымбаттамайды.Бұл туралы бүгін KazMeatAstana-2016 атты халықаралық форумда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

«Ішкі тұтынуға арналған еттің бағасы қымбаттамайды, алайда мал шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту есебінен делдалдар маржасы төмендейді», - деді ол форумнан соң тілшілерге берген сұхбатында.

Оған қоса,ауыл шаруашылығы министрі қазақстандық ет бағасы ішкі нарықта шетелдік нарықтарға қарағанда, атап айтқанда Израиль мен Қытайға қарағанда үш есе арзан екенін айтып өтті.

«ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның ет бойынша зор әлеуетін айтып өтті. Біздің елімізде осы бағытта басымдықтар бар, әсіресе жалпы аумағы 180 млн га болатын жайылым жерлердің болуы бізге үлкен жол аша алады», - деп баса айтты министр.

Бүгінде ІҚМ 6,1 млн басты құрайды, 2001 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге, ҰҚМ басы - 17,8 млн бас (1,7 есеге), жылқы - шамамен 2 млн бас (2 есеге) көбейді.