Алаяқтың әрекеті әшкере болып, ол үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Соңғы уақытта дүние жүзінде «ислам банкингіне» қызығушылықтың белсенді артуы байқалуда. Басты шарты несиені пайызсыз беру болғандықтан, жұрттың қызығуын да түсінуге болады. Алайда, осындай қаржылық сауаты төмен халықтың ниетін пайдаланған керекулік азамат қаланың Сәтбаев көшесінде кеңсе жалдап, пайызсыз несие беру бойынша үгіт жұмысын ұйымдастырған. Ондағы несие алудың басты шарты бастапқы жарна енгізу болыпты. Соған орай, алданған азаматтар өз құжаттарының көшірмелерін және 20 000-нан 150 000 теңгеге дейін бастапқы жарналарды алаяқтың қолына санап берген. Ал ол болса бір ай мерзім ішінде 900 000-нан 6 500 000 теңгеге дейін несие алып беруге уәде еткен», - делінген прокуратура хабарламасында. Алайда, кейіннен несиеден де, өз қаражатынан да қағылғандар полицияға жүгініпті. Әккі алаяқ жұрттан алған қаражатының біраз бөлігін өзіне жаратқан екен. «Сот отырысының барысында сотталушы жәбірленушілерге залалды ішінара өтеді. Қалалық №2 сотының үкімімен сотталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру белгіленіп, үкім заңды күшіне енді», - делінген баспасөз айғағында.