Комитет таратқан мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда еліміздің 1,2 млн. гектар алаңын құрайтын суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйін мониторингілеу және бағалау жұмыстары қолға алынған. Бұдан бөлек, халықаралық қаржы институттармен өзара іс-әрекет бағытында 113 мың гектар суармалы жерлерді жақсарту үшін «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасы іске асырыла бастаған. «Су ресурстары комитеті Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында халықаралық қаржы институттарын тарту жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні «Қазақ су шаруашылығы» мекемесі 411 млн. доллар сомасында инвестициялық қаражатты бөлу туралы Ислам Даму Банкімен келісімге қол жеткізді. Бұл қаражат негізінен Алматы облысының суармалы жерлерін қалпына келтіруге, Оңтүстік Қазақстан облысында тік дренажды ұңғымаларды қалпына келтіру және Алматы, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ауыз сумен жабдықтау нысандары бойынша басталған құрылыстарды аяқтауға жұмсалатын болады», делінген баспасөз баянында.
Бұдан бөлек, Су ресурстары комитеті «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау. ІІ фазасы» жобасын іске асыруға дайындықты қолға алған.