Ислам еуропалықтар үшін қонақ емес, отбасының бір мүшесі болуы керек - ИЫҰ Бас хатшысы

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлу исламофобиямен шындап күресуге, сондай-ақ Ислам діні мен Еуропаның арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және өзара байланыстағы артық эмоциялардан қашуға шақырды. Бұл туралы muslim.kz сайты жазады.

Бас хатшы ислам дінін төменсіту, кемсіту арқылы саясат жасамауды ескертті. «Егер ислам саяси мазмұн алатын болса, онда бұдан екі ұшы бар таяқ шығады. Ал оның нәтижесін біз Норвегиядағы, Франциядағы және Еуропаның өзге де елдеріндегі жағдайлардан көрдік», - деді ол. Экмеледдин Ихсаноғлу, сондай-ақ, тиісті жерде қолданбай келе жатқан «жиһад» түсінігіне де қарсы сөйледі.

«Бұл ұғымды өздерінің мүддесі үшін қолданып жүрген террористер де бар. Қалайша олар исламның атымен өздерінің мүддесі үшін жиһадқа шақырады? Бейбіт халыққа діннен әрі тарихтан аргументтер келтіріп, жиһадтың шынайы мән-мағынасын, жиһад адамзатқа лаңкестік жасау емес екенін, жалпы ондай лаңкестердің жиһад жариялауға құқығы жоқ екенін түсіндіруіміз керек», - деді ол.

«Ислам еуропалықтар үшін қонақ емес, отбасының бір мүшесі болуы керек» деп есептейді Бас хатшы.