Лола бұл мешітті өз әкесінің құрметіне «Ислам ата» деп атаймын деп шешкен. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде бөлісті,-деп хабарлайды muslim.kz.
«Дүниежүзінің мұсылман қауымы қасиетті Құрбан айт мерекесін тойлап жатқанда жақсы жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Ташкентте «Ислам ата» мешіті ашылады. Бұл мешіт Ферғана Жолы көшесінде орналасқан. 2015-жылдың көктемінде мешіт толықтай өртеніп кеткен еді. Жолдасым Тимур Тилляев екеумізге сауапты іс жасап, мешіт ғимаратын қайта тұрғызуға мүмкіндік берген Аллаға шүкірлік етемін», - делінген Лоланың хабарламасында.
Мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстары өткен жылдың аяғында басталып, 9 айға созылған. «Көпшіліктің ұсынуымен мешітті Өзбекстанның алғашқы президенті - менің әкем Ислам Каримовтың құрметіне «Ислам ата» деп атау туралы шешім қабылданды», - деп қосты Лола.
Ескі мешітпен салыстырғанда, жаңа мешіт көлемі 1,8 есе ұлғайған - 2900 шаршы метрден 5400 шаршы метр болды. Енді мешітке 560 адам сыяды. Мешіт мұнарасы мен қабырғасында қасиетті Құран сөздері жазылған.
Мешітте кітапхана мен дәрет алу бөлмелері де бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жабдықтар, ауа тазалағыш жүйе мен салқындатқыш та орнатылған.