Ислам қаржы саласының қайраткерлері де қомақты сыймен марапатталатын болды

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Abu Dhabi Islamic Bank (ADIB) Thomson Reuters-пен бірігіп, әдеп пен ислами қаржыны дамытуға үлес қосқандар үшін жаңа халықаралық наградалар шығармақ.

Наградалар үш номинация бойынша беріледі. Атап айтқанда, «Ислами қаржы индустриясын дамытқаны үшін», «Этикалық қаржы саласындағы бастамасы үшін» және «Ғасырлық жетістігі үшін» берілетін наградалар өз иесін табатын болды.

Muslim.kz сайтының жазуынша, аталмыш марапат түрлеріне әдептілік аясында қаржы секторын дамытуға мүдделі кез келген мекеме, зерттеу орталықтары және мамандар тобы үміткер бола алады. Марапат ақшалай 100 000 долларды құрайды.

Жүлдегерлерді шариғаттың жілігін шағып, майын ішкен ғалымдар мен қаржы сарапшыларынан тұратын арнайы әділқазылар алқасы іріктейді. Жүлдегерлердің есімдері мен атаулары қараша айында белгілі болатын болды. Осынау марапатқа қатысты құжаттар 31 қыркүйекке дейін қабылданатынын айта кету керек.