Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттердің Парламенттік Одағы Кеңесінің сессиясына Парламент депутаттары Орынбай Рахманбердиев пен Азамат Тұрсынов қатысты

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттердің Парламенттік Одағы Кеңесінің 13 сессиясында және таяу күндерде Әбу Дабиде (БАӘ) болған Конференцияның 2-ші кезектен тыс сессиясында парламентаралық үнқатысуды одан әрі дамыту, исламнан үрейлену көріністерімен күресті күшейтудегі ынтымақтастық, өркениетті исламның идеяларын ілгерілету мәселелері талқыланды.

Форум жұмысына Парламент депутаттары Орынбай Рахманбердиев пен Азамат Тұрсынов қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Конференция аясында Қазақстан парламентшілері БАӘ Федералдық Ұлттық жиналысының төрағасы Абдул Азиз әл-Гурейрбен кездесті, онда халықаралық аренадағы Қазақстанның маңызды рөлі аталып өтілді және біздің еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына табысты төрағалық етуіне сенім білдірілді.

Кездесу барысында Қазақстан Парламентінің депутаттары биылғы маусымда Астанада жетінші Әлемдік экономикалық ислам форумы өтетіні туралы БАӘ Федералдық Ұлттық жиналысы басшысын хабардар етті. Алдағы форум Ислам Конференциясы ұйымына қатысушы мемлекеттердің табысты ынтымақтастығын дамытуға жаңа серпін беретіні аталып өтілді.

Кездесуге қатысушылар парламентаралық байланыстар маңызды бағыты болып табылатын екіжақты қатынастарды дамытуға және нығайтуға әзірлігін атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Парламенті мен БАӘ Федералдық Ұлттық жиналысының биылғы жылы делегация сапарларын алмасуын ұйымдастыру туралы келісімдерге қол жетті.