АҚШ-тың «Суфан Групп» сараптамалық орталығы өзінің дерек көздеріне сілтеме жасап, түрлі елдердің Ирак пен Сирияға шетелдік содырларының баруына кедергі келтіру және лаңкестік ұйымдарға деген қызығушылықты азайту жолындағы шаралары әзірге нәтиже бермей отырғанын хабарлады.
Олардың деректеріне қарағанда, 86 елдің шамамен 27000-31000 шетелдік содыры Ирак пен Сирияда. 2014 жылдың маусымында бұл сан 12 мың содырды құрады, деп есептейді «Суфан Групп».
«Ислам мемлекетінің» қатарына Таяу Шығыс пен Магрибтен жылына шамамен 8000 адам қосылады екен. Шамамен 5000 Еуропадан және 4700 адам бұрынғы Кеңес Одағы республикаларынан барады.
«Суфан Групп» атап өткендей, шетелдік содырлардың 20-30 пайызы өз елдеріне оралып, ұлттық арнайы қызметтің жұмысын қиындата түсті.