«Ислам мемлекеті» өз валютасын шығармақ

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - «Ислам мемлекеті» тобы өздерінің валюталарын шығарып, оларды алтын, күміс және қоладан соғуды жоспарлап отыр.

Өз мәлімдемесінде «ИМ» «жаңа валютаның тирандық қаржы жүйесінен қорғануға мүмкіндік беретінін» хабарлаған. Жаңа валютада монетаның жеті түрі болады: екі алтын, үш күміс және екі қола. Жеке валютаны құру шешімі «толықтай Құдайға арналады» және жауынгерлерге жаһандық экономикалық жүйені пайдаланудан бас тартуға мүмкіндік береді. Британиялық The Independent газеті «ИМ» тарихтағы ең бай террорлық ұйым деп атаған. Басылымның мәліметіне қарағанда, ұйым күніне үш миллион доллардан астам қаржы табады. Бұл кіріс қара нарықта мұнай сатудан, бопсалаушылық, ұрлық мен адамдарды сатудан келеді. Қазіргі уақытта «Ислам мемлекеті» ұйымының жауынгерлері Сирия мен Ирактағы белгілі бір аумақтарды бақылап отыр. Олар аймақтың соғысқа қабілетті топтардың бірі болып табылады. «ИМ» ұйымы Иракқа 2014 жылдың маусымынан кірген. Олар елдің солтүстігі мен батысындағы бірнеше елді мекендерді басып алып, Бағдадқа жақындап, Иракпен шекаралас басқа да мемлекеттерге қауіп төндірді.