Ислам Сәтпаев пен Александра Ле: Келесі мақсат – Америкада өтетін Олимпиада

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Олимпиаданың қола жүлдегерлері Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Париж төріндегі жеңісіне байланысты пікір білдірді.

«Бұл жүлде мен үшін күтпеген жерден келген жоқ. Өйткені біз өте жақсы дайындықтан өттік. Психологиялық тұрғыдан дайын болдық. Олимпиада басталған кезде медаль алатын күн туғанын анық білдім. Енді біздің келесі мақсатымыз – 2028 жылы Америкада өтетін Олимпиада», - деді мерген.

Париж Олимпиадасының тағы бір жүлдегері Александра Ле елді сағынып келгенін атап өтті. 

Фото: Алматы әкімдігі

«Бізді осындай жылулықпен күтіп алғандарыңызға қуаныштымыз. Отанымызды сағынып қалдық. Өз еліңде жеңісің ерекше сезіледі. Біз көп жылдар бойы нысана көздеуде орнаған тыныштықты бұзып, жүлделі болғанымызды тек бір күннен кейін түсіндік. Сондай-ақ біз қазақстандықтар тек қана мықты емес, әрі мерген екенімізді әлемге дәлелдедік», - деді Александра Ле.

Нысана көздеуден Қазақстанның бас бапкері өз шәкірттерінің Париждегі жетістіктерін бағалады. 

Фото: Алматы әкімдігі

«Спортшылардың дайындығы жақсы болды. Соңғы екі жыл бойы біз дәл осы сайысқа дайындалдық. Олимпиадада ойнатылған алғашқы жүлдені жеңу – үлкен жетістік. Жалпы нысана көздеуден 82 ел жарысқа қатысып, тек 19-ы жүлделі болды. Азия құрлығында қазір бәсекелестік өте жоғары. Бірақ әлем қазір бізді танып, бізден тіпті қорқа бастады. Бұл біз үшін мақтаныш», - деді нысана көздеуден Қазақстанның бас бапкері Ольга Вячеславна.

Еске салайық, 27 шілде күні пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды. 

Айта кетейік, Александра Ленің анасы Татьяна Копейко қызының жеңісіне байланысты пікір білдірген болатын. 

Ислам Сәтпаевтың анасы Әлия Сәтпаева ұлының жеңісіне байланысты ой бөлісті.