АСТАНА. KAZINFORM — Тәжірибелі қазақстандық жартылай қорғаушы «Жеңіс» футбол клубының қатарына қосылды.
«Жеңіс» клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Исламбек – елорда футбол мектебінің түлегі.
Исламбек Қуаттың спорттық жолы «Жеңістің» футбол орталығынан басталды. Кәсіпқой мансабында «Оқжетпес», «Астана», «Ақтөбе», «Қайрат» және ресейлік «Оренбург», «Химки» футбол клубтарында доп тепті.
Алматылық «Қайратпен» бірге екі рет Қазақстан кубогын жеңіп алды. Исламбек еліміздің премьер-лигасы мен кубогында 250-ден астам матч өткізген.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 64 ойында алаңға шығып, 6 гол соқты.
И.Қуат Түркияда жаңа маусымға дайындалып жатқан «Жеңіс» құрамында алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жаңа футбол клубы құрылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).