Исламдық қаржыландыру - жаһандық қаржы нарығының барынша серпінді сегменттерінің бірі - ҚР Премьер-Министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі К. Мәсімов видеобайланыс режімінде Алматы қаласында осы күндері өтіп жатқан Исламдық қаржы қызметтері кеңесінің (IFSB) 12-ші саммитінің жұмысына қатысты. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

«Исламдық қаржыландыру жаһандық қаржы нарығының барынша серпінді сегменттерінің бірі болып табылады. Қазақстан осы бағыттың негізі болуға ұмтылуда», - деді К. Мәсімов форум қатысушыларына сөйлеген кіріспе сөзінде.

«Осы мақсатқа жету үшін исламдық қаржыландыру инфрақұрылымын дамыту бойынша бірнеше реформалар жүргізілді. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы аталған саланың алғашқы бастаушысы етті», - деп қосты Премьер-Министр.

Ол сондай-ақ Қазақстан IFSB-тің жаһандық нормативтік-құқықтық база аясында оның қағидаттарын одан әрі интеграциялауда жұмыс істей отырып, оның исламдық қаржыландыру институтын дамытуға ұмтылысын қолдайды.

«Біздің одан әрі ынтымақтастығымыз исламдық қаржыландыруды алға жылжыту және кеңейтуге ықпал ететініне күмәніміз жоқ, біз ортақ мақсаттарға жету үшін өзара іс-қимылды дамытуға әзірміз», - деп атап өтті ол.

Премьер-Министр қатысушыларға жемісті жұмыс, сындарлы пікірталас өткізуді тіледі.

Исламдық қаржы қызметтері кеңесі (The Islamic Financial Services Board (IFSB) - исламдық қаржы қызметтері индустриясының тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұйымдарды реттейтін және бақылайтын халықаралық орган. IFSB банктік және сақтандыру жүйесінің және капитал нарығын қамтиды. IFSB 184 мүшесі бар, оның ішінде 59-ы реттеуші және қадағалаушы орган, 8 халықаралық үкіметаралық ұйымдар.