Исламдық қаржыландырудың дамуына шағын бизнестің ықпалы зор - KPMG аға менеджері

АЛМАТЫ. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда заңдағы жаңалықтарға қарап отырып, қазір исламдық қаржыландырудың инфрақұрылымы жасалды деп айтуға болады.

Бұл туралы KPMG аға менеджері  Талант Қалиева бүгін Алматыда өтіп жатқан «Исламдық қаржы бойынша халықаралық отырыс: оңтайлы жағдайлар жасау» деп аталатын алқалы жиында айтты.

«Заңның іс-жүзінде орындалуы  кезінде кейбір сұрақтар туындауы мүмкін. Қазір тек исламдық қаржыландыру  жұмысын бастауға  мүмкіндік бар. Жалпы Қазақстан Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстырғанда исламдық қаржыландыру жағынан  алда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  2020 жылға дейін Қазақстан Орталық Азияның қаржы орталығы болу керек деп бекер айтқан жоқ. Оған барлық мүмкіндік бар», - дейді Т.Қалиева. Оның айтуынша, исламдық қаржыландырудың жалпы қаржыландырудан көптеген оң айырмашылығы бар. Сондықтан бұл туралы халықққа жан-жақты түсіндіріп, сауатын ашу керек. Өйткені исламдық қаржыландыру  шариғатқа негізделеді. Ал ол  этикалық және адалдықты уағыздайтын заңдар мен  ережелердің  жиынтығы.  Тамара Мұханбетжанқызының сөзіне қарағанда, ислам банктері барлық елде өз қызметін о баста корпоративтік клиенттермен  жұмыс істеуден бастаған. Себебі кез-келген ұжымның дамуы үшін қолайлы жағдай керек. Егер мемлекет шағын бизнестің одан әрі дамуына барынша қолайлы жағдай жасайтын болса, Қазақстанда исламдық қаржыландыру  тез өркен жаяды. Өйткені халықтың басым бөлігі - мұсылман.

«Исламдық қаржыландыруға кедергі боп отырған қазір негізінен білікті мамандардың  жеткіліксіздігі. Себебі кез-келген істі табысты жүргізу үшін оны жетік білу қажет. Онсыз жұмыс айтарлықтай деңгейде өнімді болмайды. Қазір барлық салаларда білікті кадрлардың тапшылығы туралы айтылып жүр. Ал жаңа басталған сала үшін бұл қаншалықты маңызды екені баршаға түсінікті жәйт», - дейді Т.Қалиева.