Исландия жұрты Еуроодаққа қосылу-қосылмау мәселесі бойынша референдумда дауыс беріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Исландия тұрғындары 13 жыл бұрын тоқтатылған елдің Еуропалық одаққа қосылуы жөніндегі келіссөздерді қайта бастау мәселесі бойынша референдумда дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Фото: Kazinform/ЖИ

Сенбі күні Исландия тұрғындары елдің Еуропалық одаққа қосылу жөніндегі 13 жыл бұрын тоқтатылған келіссөздерді қайта бастау керек пе деген мәселе бойынша референдумға қатысып жатыр. Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, дауыс беру қорытындысын әзірше болжау қиынырақ.

Еуропалық одаққа қосылу жөніндегі пікірталастағы негізгі мәселелердің бірі — ел экономикасы үшін маңызды сала болып есептелетін балық шаруашылығы.

Visir балық аулау компаниясының басшысы Пэтур Палссон Еуроодаққа мүшелік Исландиядағы жұмыс орындарының қысқаруына және өндірістің шетелге көшірілуіне әкелуі мүмкін деп алаңдап отыр.

— Еуропалық одаққа кірсек, елдің саясатын солар айқындайды, — деп есептейді ол.

Еуроодаққа қосылуға қарсылар елдің балыққа бай аумақтық суларын бақылаудан айырылып қалуы мүмкін деп те қауіптенеді. Олардың пікірінше, бұл мәселе Исландияның егемендігі мен өз саясатын дербес айқындау мүмкіндігіне тікелей қатысты.

Ал еуропалық интеграцияны қолдаушылар ЕО-мен тығыз байланыс ұлттық валютаны тұрақтандыруға және өмір сүру құнының қарқынды өсуін тежеуге көмектеседі деп үміттенеді.

Еуроодақпен қарым-қатынас мәселесі Исландия тұрғындарын ондаған жыл бойы екіге бөліп келеді. 2024 жылы кезектен тыс сайлаудан кейін билікке келген премьер-министр Криструн Фростадоуттир бастаған солшыл-центристік үкімет 2027 жылға дейін референдум өткізуді уәде еткен.

Алайда геосаяси жағдайдың өзгеруі бұл уәденің орындалуын жеделдетті. BBC атап өткен факторлардың қатарында Ресейдің Украинадағы соғысы, Арктикадағы бәсекелестіктің күшеюі, АҚШ президенті Дональд Трамптың Исландия тауарларына баж салығын енгізу туралы қоқан-лоққылары және оның Гренландияға қатысты мәлімдемелері бар.

Исландияның қаржы министрі Дади Маур Кристоверссон геосаяси жағдайдың тез өзгеріп жатқанын атап өтті.

— Геосаяси сын-қатерлер тұрғысынан жағдай өте жылдам өзгеріп жатыр, — деді ол BBC-ге берген сұхбатында. 

Министр Исландияның әлемдегі орны туралы мәселе «алдыңғы қатарға шыққанын» айтты.

Айта кетейік, Исландия халқының саны 400 мыңға жуық.

Еске салайық, бұған дейін Исландия Еуропалық Одаққа кіру жөнінде референдум өткізуді жоспарлап отырғанын жазған едік.